Ет қауіпсіздігі: отандық тест ауруды 15–20 минутта анықтауға мүмкіндік береді
АСТАНА. KAZINFORM — Отандық ғалымдар ет арқылы жұғуы мүмкін трихинеллез ауруын жедел анықтайтын тест жүйесін әзірлеп жатыр. Жаңа әдіс зертханалық микроскопиялық зерттеуге кететін уақытты қысқартып, нәтижені 15–20 минутта алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің қауымдастырылған профессоры Өркен Әкібеков Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.
Трихинеллез — паразит тудыратын ауру. Ол адамға паразит дернәсілдері бар етті жеткілікті термиялық өңдеусіз тұтынған кезде жұғуы мүмкін. Ауру үй жануарлары мен жабайы жыртқыш аңдар арасында кездеседі.
Ғалымның айтуынша, Қазақстанда бұл ауруды анықтау үшін бұрыннан дәстүрлі зерттеу әдістері қолданылып келеді. Оның бірі — ет үлгісін микроскоппен тексеру. Алайда мұндай зерттеу көп уақыт алуы мүмкін, ал кей жағдайда нәтижені анықтау қиынға соғады.
— Бұрын еттің бір бөлігін алып, микроскоп арқылы зерттейтін. Бұл ұзақ уақытты қажет етеді, кейде нәтиже де дұрыс болмауы мүмкін. Қазір біз жедел анықтауға арналған жаңа әдісті әзірлеп жатырмыз. Тест арнайы жолақша түрінде болады. Еттен алынған үлгіні сол жолақшаға тамызу арқылы аурудың бар-жоғын анықтауға болады. Нәтижені 15–20 минутта көруге мүмкіндік бар, — деді Өркен Әкібеков.
Маманның айтуынша, Қазақстанда трихинеллез көбіне жабайы жануарлардан кездеседі. Ал шошқа шаруашылығы жақсы дамыған Еуропа елдерінде паразит шошқалардан да анықталып жатады. Сондықтан аңшылықпен айналысатын адамдар үшін еттің қауіпсіздігін тексеру ерекше маңызды.
Қазір жабайы аңның етінен кәуап дайындап, оны тағамға пайдалану кездеседі. Алайда еттің сыртқы көрінісіне қарап, оның қауіпсіз екенін анықтау мүмкін емес. Осыған байланысты ғалымдар жедел тестіні зертханаға бармай-ақ қолдануға болатын құрал ретінде әзірлеуді көздеп отыр.
Зерттеушілер жаңа әдістің дәлдігін де тексеріп жатыр. Тест жүйесі толық әзірленіп, қажетті сынақтардан өткеннен кейін оны тәжірибеде қолдану мүмкіндігі қарастырылады.
Маман ет тұтынғанда қауіпсіздік талаптарын сақтауға кеңес береді. Етті ветеринариялық бақылаудан өткен жерден сатып алып, оның қауіпсіздігін растайтын құжаттарға назар аудару қажет. Әсіресе аңшылықтан кейін алынған етті тексерусіз тұтынбаған жөн.
Етті қайнату немесе қуыру кезінде паразиттер жойылуы мүмкін. Дегенмен еттің барлық бөлігін қажетті температураға дейін жеткізіп пісіру маңызды. Ал мұздату, тұздау немесе ыстау паразиттерден толық қорғайды деп сенуге болмайды.
Ғалымдардың мақсаты — ет қауіпсіздігін тексеруді жеңілдетіп, ауруды ерте анықтауға мүмкіндік беретін отандық тест жүйесін қолданысқа енгізу. Бұл әсіресе жабайы аң етін тұтынатын адамдар үшін маңызды.
Еске салайық, бұған дейін елімізде ет өнімдерінің құрамын анықтайтын ПТР-тест әзірленгенін жазғанбыз.