Ет бағасының төмен болуы мал шаруашылығының дамуына теріс әсер етті — Жұманғарин
АСТАНА. KAZINFORM — Ет бағасының төмен болуы мал шаруашылығының дамуына теріс әсер етті. Мұндай пікірді Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин білдірді.
— Ұзақ жыл бойы ет бағасы 2500-2900 теңге болды. Бұл мал шаруашылығына теріс әсер етті. Себебі мал шаруашылығымен айналысуға ешкімнің қызығушылығы болмады. Сол себепті баға көтерілді. Қазір біраз адам осы салаға назар аударып отыр, — деді Серік Жұманғарин.
Осы орайда ол ет бағасының арзандамайтындығын, бірақ, ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, экспортқа шығаруға да мүмкіндік бар екенін атап өтті.
— Қырғызстанда ет бағасы Үкімет тарапынан реттеледі. Ал Кеңес одағының басқа елдерімен салыстырғанда Қазақстанда баға төмен. Малшылар күні-түні жұмыс істейді. Шаруашылықпен ешкімнің айналысқысы келмейді. Өте ауыр жұмыс. Қалай ет бағасы арзан болады?! , — деді вице-премьер.
Айта кетейік, Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекедиді қарсы алды.
Қазіргі уақытта жоғары деңгейдегі келіссөздер жүріп жатыр.