Этникалық қазақ Өзбекстандағы бірегей театрдың директоры болып тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет министрі Озодбек Назарбековтің тиісті бұйрығына сәйкес, Өзбекстандағы бірегей өнер ордасы — Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан мемлекеттік академиялық үлкен театрының директоры болып Әлібек Қабдырахманов тағайындалды. Бұл туралы Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады

Этникалық қазақ Өзбекстандағы бірегей театрдың директоры болып тағайындалды
Фото: ӨР Мәдениет министрлігі

29 шілде күні Министрлік ғимаратында Өзбекстан Мәдениет министрі Озодбек Назарбековтің төрағалығымен кезектен тыс жиын өтті. Жиында ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Жиынға министрдің бірінші орынбасары Авазхон Тожихонов, министрліктің орталық аппаратының өкілдері, өңірлік студиялардан сала өкілдері қатысты.

Жиын барысында Өзбекстанның Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік академиялық үлкен театрының директоры, Өзбекстанның халық әртісі Рамиз Усмоновтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты Мәдениет министрінің тиісті бұйрығымен театр директоры қызметіне тағайындалған Әлібек Қабдырахманов ұжымға таныстырылды.

Министр Озодбек Назарбеков Әлібек Қабдырахмановтың жұмысына сәттілік тілеп, оның білімі мен талантын саланы дамытуға жұмсайтынына сенім білдірді.

Министрдің бірінші орынбасары Авазхон Тожихонов та Әлібек Қабдырахмановты жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, қызметіне табыс тіледі.

Әлібек Қабдырахманов 1984 жылы Ташкентте дүниеге келген. Этникалық қазақ. Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының «Ұрмалы аспаптар» факультетінде оқыған.

Жетістіктері:

  • Мәдениет саласындағы «Тасанно» сыйлығының 2 дүркін лауреаты (Өзбекстан, 2005, 2007)
  • «Шабыт» халықаралық байқауының Гран-при иегері (Астана, Қазақстан, 2007 ж.)
  • «EMCY Art for music Prize» халықаралық байқауының «Оркестрмен ең жақсы орындауы үшін» номинациясы бойынша арнайы жүлде (Германия, 2006 ж.)
  • Мюнхендегі «EMCY Art for music Prize» халықаралық байқауының 2-орын иесі (Германия, 2006 ж.)
  • Астанада өткен Халықаралық «Шабыт» байқауының 2-орын иесі(Қазақстан, 2004 ж.)
  • Николай Стасиневич атындағы 2-халықаралық конкурстың дипломанты, Варшава, (Польша, 2004 ж.)
  • Женевадағы 57-халықаралық байқаудың дипломанты (Швейцария, 2002 ж.)
  • Республикалық жас орындаушылар байқауының дипломанты (Өзбекстан, 2001 ж.)

Директор болып тағайындалғанға дейін Өзбекстанға еңбек сіңірген әртіс Әлібек Қабдырахманов Өзбекстан мемлекеттік филармониясы ұлттық симфониялық оркестрінің бас дирижері болып істеген.

Еске сала кетейік, өзбекстандық қазақ боксшы Golden Boy промоушенімен келісімшартқа отырғаны жайлы жазған едік

Соңғы жаңалықтар