Қазақстанда электронды цифрлық қолтаңба алу жеңілдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу жүйесі11 тамыздан бастап жеңілдетілген болатын.

Осы орайда, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі қауіпсіздік шараларын еске салды.
- Электронды цифрлық қолтаңба — сіздің жеке қолыңыздың цифрлық баламасы. Ол жеке басыңызды растайды және құжаттарды электрондық форматта куәландырады. ЭЦҚ-ның заңды күші бар және ол онлайн мемлекеттік қызметтерді алу үшін кеңінен қолданылады.
ЭЦҚ кілттерін үшінші тұлғаларға бермей, қорғалған жерде сақтаңыз. Күрделі әрі бірегей құпиясөздер қолданыңыз, кілттердің өзектілігін үнемі тексеріп, қажет болған жағдайда кері қайтарып отырыңыз.
Бөгде адамның ЭЦҚ-сын беру немесе пайдалану — екі тарапқа да: берген және қабылдаған адамға да әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, - делінген хабарламада.
Еске салайық, енді жеке және заңды тұлғалардың дербес деректерді қорғау және электрондық цифрлық қолтаңба салаларындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екі айдан бір жылға дейін ұзартылды.