Етті алыпсатарлар қолдан қымбаттатып отыр — Жигули Дайрабаев

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында еттің күрт қымбаттауына не себеп болғаны туралы пайымын айтты. 

Жигули Дайрабаев
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

— Фермерлердің табыстары жөнінде айтсақ, биыл оңтүстік облыстардың көптеген ауданында қуаңшылық болуына байланысты жоспарланған өнім алынбады. Көптеген егіс алқабы орылмады. Егіншіліктен пайда көрмей, мал өнімдерінен табыс табамыз дегенде сиыр етінің экспорты жабылды.

Ет бағасының негізсіз қымбаттауына бірінші кезекте фермерлер емес, делдалдар мен алыпсатарлар себепкер екенін өздеріңіз де білесіздер, — дейді депутат.

Оның айтуынша, мал шаруашылықтарында 1 килограмм сиыр етінің өзіндік құны 2500 теңгеден аспайды.

— Ал бөлшек саудада бұл көрсеткіш 5000 теңгеге дейін өсіп отыр. Демек, фермерлердің табысы азайып, басты пайда алыпсатарлардың қолында қалып отыр. Бұны реттеуші Сауда министрлігі мен әкімдер қайда қарап отыр?

Экспортты шектеу фермерлерге ауыр соққы болып тиіп отыр. Фермерлер болашақта өнімін еркін сата алмайтынын білсе, мал басын көбейтуге ынтасы төмендейді. Бұл керісінше, ұсыныстың азаюына және ішкі бағаның одан әрі өсуіне алып келеді.

Сондықтан, ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру шараларын қайта қарауды, делдалдар мен алыпсатарлардың әрекетін шектеуді, ал фермерлерге өнімін еркін өткізуге мүмкіндік беруді сұраймыз, — деді Жигули Дайрабаев.

Ал Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ет бағасының төмен болуы мал шаруашылығының дамуына теріс әсер етіп келгенін айтқан еді

Соңғы жаңалықтар