22:01, 08 Мамыр 2012 | GMT +5
ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер Астанада әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылайды
АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - 11 мамырда елордада Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан министрліктері басшыларының қатысуымен ЕурАзЭҚ-тің Ықпалдастық комитеті жанындағы Әлеуметтік саясат жөніндегі кеңестің 16-ншы отырысы өтеді.

Жиын барысында қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылау жоспарлануда. Атап айтқанда ЕурАзЭҚ-тың әлеуметтік даму индикаторлары жүйесі жобасын, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер аумағында жұмыс істеп жатқан ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің азаматтары оқыс өндірістік жарақат алуын тергеу тәртібі туралы келісімнің жобасын қарастыру көзделген.
Сондай-ақ шара барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасын таныстырады деп күтілуде.