13:06, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
ЕурАзЭҚ өңірлік еуразиялық бірлестіктердің ішінде барынша перспективалы құрылым ? Н. Назарбаев
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пайымдауынша, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық өңірлік еуразиялық бірлестіктердің ішінде барынша перспективалы болып табылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Еуразиялық ықпалдастықта ең алдымен экономикалық өлшем болуы тиіс. Тоқсаныншы жылдардың соңындағы азиялық дағдарыстан кейін посткеңестік елдердің көпшілігі экономикаларын барынша жақындастыру қажеттігін түсінді. Нәтижесінде ЕурАзЭҚ өмірге келді. Қазіргі күні осы халықаралық интеграциялық құрылым өңірлік еуразиялық бірлестіктердің ішіндегі барынша перспективалы болып табылады», - деді Н. Назарбаев бүгін Астанада өтіп жатқан Университеттердің еуразиялық ассоциациясының ХІ съезінде сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысы ЕурАзЭҚ аясында тауарларды емін-еркін сату режімін құруда айтарлықтай қадамдар жасалғанын атап көрсетті. «Бұл қоғамдастыққа қатысушы елдердің өзара тауар айналымын 3,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді. Біздің елдер арасындағы өзара инвестицияның жалпы көлемі бес есеге ұлғайды», - деді Президент. Елбасы сонымен қатар ЕурАзЭҚ аясында қаржылық ықпалдасудың нақты механизмдері құрыла бастағанын атап көрсетті. «Мәселен, Еуразиялық Даму банкі бүгінде Қазақстан, Ресей, Беларус, Тәжікстандағы бірқатар жобаларды қаржыландыруда», - деді Мемлекет басшысы. Елбасы биыл ақпанда ЕурАзЭҚ -тің Мәскеуде өткен саммитінде көлемі 10 млрд. долларды құрайтын Дағдарысқа қарсы бірлескен қорды және Жоғары технологиялық орталықты құру жобасы қабылданғанын атап өтті. «Бұл құрылымдар әлемдік дағдарыстың ЕурАзЭҚ елдерінің экономикасына соққысын жұмсартуға бағытталған және дағдарыстан кейінгі дамуға дайындалуда», - деді Президент. Н. Назарбаев ЕурАзЭҚ аясында нақты экономикалық жобалар талқыланып, қабылданып жатқанын атап көрсетті.