ЕурАзЭҚ өз міндетін атқарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық стратегиясы XX ғасырда әртүрлі құрлықтарда құрылған ірі-ірі аймақтық бірлестіктердің мысалына негізделген. ЕЭО жобасы америкалық экономист Б. Балаштың классикалық интеграциялық моделін тірек етіп алған, өйткені онда халықаралық экономикалық интеграцияның бес кезеңі бөліп көрсетілген.
None
None

Олар - еркін сауда аймағы, кеден одағы, ортақ нарық, экономикалық одақ және толық экономикалық интеграция», - деп жазады Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың (ЕурАзЭҚ) Бас хатшысы Тайыр Мансұров ресейлік «Известия» газетіндегі «Евразийцы XXI века» атты мақаласында. Автордың жазғанындай, Еуразия халықтары бұған дейін төрт рет біріктірілген. «Еуразия халықтарының алғаш басын қосқан ғұндар, содан соң құрлық Түркі қағанатының аясында ынтымақтасты. XIII ғасырда оны Шыңғысханның басшылығындағы моңғолдар біріктірді, ал серіктесудің төртінші сатысы - Ресей империясын құру және КСРО. Бұл мәнмәтінде Н. Назарбаевтың ЕЭО құру туралы идеясын «практикалық еуразияшылықтың» жаңа кезеңінің басы деп санауға болады»,- дейді ЕурАзЭҚ-тың Бас хатшысы. Аталған мақаласында Тайыр Мансұров Елбасымыздың еуразиялық идеясының теориялық және практикалық тұрғыдан уақыт талабына сай дамығанын, түптеп келгенде, алдағы бірнеше онжылдықтарға біздің интеграциямыздың стратегиялық негізін қалағанын атап көрсеткен.

Еуразия құрлығындағы бүгінгі таңдағы интеграциялық үдерістердің тарихында ЕурАзЭҚ-тың алатын орыны ерекше. Осы тұста бірер тарихи деректерді келтіре кетейік. 2000 жылдың 10 қазанында Астанада бас қосқан Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мемлекет басшылары ЕурАзЭҚ-ты құру туралы Шартқа қол қойды. Ал 2001 жылдың 30-шы мамырында барлық қатысушы-елдер ратификациялағаннан кейін, аталған Шарт күшіне енді. 2006 жылдың 25-ші қаңтарында ұйымға Өзбекстанның қосылатыны жөніндегі хаттамаға қол қойылды. Алайда, 2008 жылы қазан айында Өзбекстан ЕурАзЭҚ-тың құрамынан шығатынын мәлімдеді. 2002 жылы мамыр айында Украина мен Молдова, 2003 жылдың қаңтарында Армения ЕурАзЭҚ-тың жанындағы бақылаушы мәртебесін алды. Атап айтарлығы, ЕурАзЭҚ - ашық ұйым. Бұл ұйымды құру туралы Шарттағы барлық міндеттемелерді мойнына алатын кез-келген мемлекет оған мүшелікке қабылдана алады.

Бүгінгі таңда ЕурАзЭҚ - нақты қызметтік құрылымы, тиімді жұмыс механизмдері бар халықаралық ұйым. Ең бастысы, бұл ұйымды құрудағы негізгі мақсат - Кеден Одағы мен Ортақ экономикалық кеңістікті құру, әлемдік сауда-экономикалық жүйеге интеграциялану болатын-ды. Сол мақсат орындалды ма? Осыны бағамдап көрелік. Біріншіден, 2003 жылы ЕурАзЭҚ БҰҰ-ының Бас Ассамблеясындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды. Соның нәтижесінде, бүгінге дейін БҰҰ-ның жүйесіндегі ұйымдармен және халықаралық институттармен ынтымақтастық жөніндегі 30-дан астам меморандумға қол қойылды. Халықаралық институттардың арасында ЕҚЫҰ, Бүкілдүниежүзілік кедендік ұйым, Еуропалық Одақ, ТМД, ШЫҰ, ҰҚКШҰ сияқты беделді құрылымдар бар.

ЕурАзЭҚ өзінің тиімді құрал екенін Еуразия кеңістігіндегі аса маңызды мәселелерді шешуде дәлелдей түсуде. Мысалға, 2008-2009 жылдардағы жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыс кезінде ұйымға мүше бес мемлекет бірлескен табысты бірқатар іс-қимылдар жасады. 2009 жылы құрылған Дағдарысқа қарсы қор мен ЕурАзЭҚ-тың жоғары технологиялар орталығы осыған дәлел. Сонымен бірге, қауымдастыққа мүше-елдер бірлескен мемлекетаралық бағдарламалар жасап, оны табысты іске асырып отыр. Экономикалық интеграциямен қатар, әлеуметтік, еңбек, көші-қон саясаты, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, экология мен спорт салаларында да маңызды мәселелер баянды шешіліп келеді.

ЕурАзЭҚ-тың тиімділігін мынадай статистикалық мәліметтерден де көруге болады. Мәселен, 2013 жылы 2000 жылмен салыстырғанда орташа алғанда ЕурАзЭҚ бойынша ЖІӨ 1,8 есеге, өнеркәсіптік өндіріс көлемі - 1,7 есеге, ауыл шаруашылығы өндірісі - 1,5 есеге, негізгі капиталға салынған инвестициялар және бөлшек сауда айналымы - 3,1 есеге, өзара саудадағы тауарлардың құндық айналымы - 4,5 есеге өскен. Ең бастысы, ЕурАзЭҚ үш елдің Кеден Одағының берік іргетасын қалап берді. Әу баста құрылғандағы мақсаты осы емес пе еді? Ал өз кезегінде Кеден Одағының бізге берген үлкен пайдасы - 170 млн. адамды қамтитын алып тұтыну нарығына шығатын мүмкіндік туды. Ресейлік және беларустық әріптестерімізбен әділ бәсекеге түсе бастадық. Осыған мысал келтірер болсақ, өткен жылы Алматы облысындағы «Hyundai AutoTrans» атты жүк көліктері мен автобустарын құрастыратын кәсіпорыннан 2,5 мың Қазақстанда құрастырылған автобустар Беларусьқа жөнелтілді. Сайып келгенде, бұлардың барлығы ЕурАзЭҚ-тың, Кеден Одағының өз мақсат-мұраттарын толық атқарғанын көрсетіп отыр. Әмірлан Әлімжан

Соңғы жаңалықтар