Еуразия даму банкінің инвестициялық қоржынының 58 пайызы - энергетика мен көліктік жобалар

Бүгін 2012 жылдың қаржылық есебіне арналған Минск-Мәскеу-Алматы арасындағы телекөпірде осы деректер айтылды.
Еуразия даму банкінің Басқарма төрағасы Игорь Финогеновтің сөзіне қарағанда, инвестициялық қоржындағы көлік және көліктік инфрақұрылымдар - 34, энергетика және энергетикалық инфрақұрылымдар - 24, қаржылық сектор - 13, химия, мұнайхимиясы және минералдық тыңайтқыштар - 7, агроөнеркәсіп кешені - 6, өңдеу өнеркәсібі - 5, тау-кен өндіру мен өңдеу өнеркәсібі - 5, металлургия - 3, муниципальдық және өзге инфрақұрылымдар 2 пайызды құрайды. Ал төрағаның орынбасары Қанат Досмұқамбетовтың айтуынша, Қазақстандағы жағдай да осыған ұқсас. Мәселен мұнда инвестициялық қоржынның 40 пайыздан астамын энергетикалық, 20 пайызын - агроөнеркәсіптік, 13 пайызын - тау-кен өндірісі, ал 13 пайызға жуығын көліктік инфрақұрылымдар құрайды.
Жалпы, халықаралық қаржы институтының инвестициялық қоржыны 2012 жылы 4,6 млрд. долларды құрады. Ондағы мүше-мемлекеттердің ішінде Ресей (50 пайыз) мен Қазақстанның (36 пайыз) үлесі 86 пайызды құрап отыр.