Еуразиядағы жетекші орталық өзге құрлықтарда да танымал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлт денсаулығы - табысты болашағымыздың негізі. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі - еліміздің барлық аумағында сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады.
None
None

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында: «Саламатты өмір салтының орнығуы, медицинаның дамуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттырады. Қазақстан медициналық туризмнің жетекші еуразиялық орталықтарының біріне айналады...» деп атап көрсетілгендей, бүгінгі күні халық денсаулығын қорғау саласында атқарылып жатқан істер ертеңгі биік мақсаттарға қол жеткізуімізге берік негіз болмағы сөзсіз. Солардың қатарында денсаулық сақтау саласында аршынды қадаммен алға басқан елордамыз - Астана қаласы бүгінде алдыңғы қатарлы медициналық қызмет көрсету орталықтары шоғырланған ғылым мен білім ордасына айналып отырғандығын атап айтқымыз келеді.

Осы ретте медицина ғылымдарының докторы, профессор Юрий Владимирович Пя жетекшілігімен ғылым мен технология жетістіктерін батыл енгізіп, халыққа әлемдік сапа стандарттарына сай қызмет көрсету жолында Орталық Азия аймағында көшбастаушы ұйымға айналып отырған еңбек ұжымдарының бірі - Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы бірінші кезекте ауызға ілігетіні рас. Өйткені тарихы 2011 жылдан басталғанымен, соңғы кездегі оқиғалар осы аз ғана уақыттың ішінде орталық ұжымының танымалдылығы басқа құрлықтарда да өсе түскеніне көз жеткізеді.180 төсек орынға арналған кардиохиургиялық орталық құрылысын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «MABCO Constructions s.a.» компаниясы жүзеге асырды. 2011 жылдың 12 қазанында пайдалануға берілген ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы бүгінде Орталық Азия өңірінде медициналық қызмет көрсету деңгейі мен сапасы жөнінен дүниежүзілік талаптарға сай, ғылым-білім беру қызметімен отандық және әлемдік дәрежеде танымал, қуатты кадрлық әлеуеті, тиімді корпоративті және бизнес-бағытты басқаруы бар жетекші кардиохирургиялық орталық болып табылады.

Орталық заман талабына сай кардиология, кардиохирургия және интервенциялық кардиологияның барлық бағыттарын біріктіреді және ересектер мен балаларға көмек көрсетеді. Орталықтың негізгі клиникалық бағыты - туа біткен және кейін пайда болған жүрек ақаулары, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек функциясының созылмалы жетіспеушілігі, жүрек ырғағының бұзылуын емдеу.

Бұл орталықтың бірегейлігі «жабық кезеңді» науқастарға кардиологиялық көмек көрсете алуында дер едім. Яғни амбулаторлық тексерістен жоғары мамандандырылған кардиохиургиялық және интервенциялық көмекке, сонымен қатар кешенді оңалтуға дейін қызмет көрсете алуы болып табылады.

Соңғы жылдары Қазақстанда кардиохирургия саласында революция жасалды деуге болады. Орталық мамандарының кәсіби жоғары біліктілігі мен зор жауапкершілік сезімі ашық жүрекке біргей ота жасауды сәтті жолға қоюға мүмкіндік берді. Осылайша Қазақстан бүгінгі таңда ашық жүрекке бірегей, жоғарытехнологиялық тұрғыда ота жасайтын әлемдегі озық 22 елдің қатарына қосылды. 2011 жылдың 7 қарашасынан бастап Қазақстанда алғаш рет қосалқы қан айналым қондырғысы имплантацияланды (Heart Made II). 2011 жылдың 13 желтоқсанында Heart Ware Ventricle Assist Device (VAD) атты соңғы үлгідегі қондырғысы имплантацияланды. 2012 жылы Қазақстанда алғаш рет Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында донорлық жүректі трансплантациялау жасалды. Ал келесі жылы 7 қарашада Қазақстан кардиохирургиясында маңызды жаңалық - бұл донорлық жүректі екінші рет транплантациялау сәтті аяқталды. Ол, Юрий Владимирович атап өткендей, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының, Санитарлық авиацияның республикалық орталығының және Алматы қаласындағы бірқатар клиникалардың үйлесімді қызметінің нәтижесінде мүмкін болды.

Алғаш рет донорлық жүрек үлкен қашықтықтан - Алматы қаласынан Астана қаласына Америка Құрама Штаттарынан сатып алынған OrganCareSystem атты бірегей медициналық жабдықпен тасымалданды. Бұл жабдық әлемнің үш жетекші клиникаларында қолданылады - АҚШ, Австралия, Германия, енді олардың қатарында Қазақстан да бар. Көтеген елді мекендер әкімшілік орталықтардан шалғай жатқан ұлан-байтақ біздің еліміз үшін мұндай қондырғыны пайдаланудың маңызы зор. Орталықта бір мезгілде 180 адам ем алады, 6 ота жасау блогы бар. Мұның өзі жыл сайын жүрекке 3000 ашық ота жасауға, сол сияқты, кеуде клеткаларын кеспей-ақ жүрек тамырларының қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін шаралар қолдануға жол ашып отыр. Ерекше атап кететін жәйт, стационарлық көмек инновациялық медициналық техниканың соңғы үлгідегі заманауи диагностикалық және емдеу ARTIS zee biplane, ARTIS zee floor және Stockert S5 жабдықтарымен жабдықталған.

- Мұның бәрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы, сол кісі жүргізіп отырған сындарлы саясаттың жемісі. Өздеріңіз көріп отырғандай саладағы үлкен өзгерістер, аз ғана уақыттың ішінде орасан шаруаның атқарылуы Елбасының арнайы тапсырмасы бойынша жасалған кардиохирургия саласын дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасының нәтижесі, - дейді бізбен әңгімесінде «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Ю.В.Пя. - Жүрек-қан тамырлары аурулары ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап бүкіл әлемді шарпыды. Біздің елімізде де жылдан-жылға көбейе түскен жүрек аурулары өлім-жітім бойынша бірінші орында тұр. Жағдайды жақсарту үшін жыл сайын жүрекке кем дегенде 15-16 мың ота жасалуға тиіс. Бұл дегеніміз - жақсы база, білікті дәрігерлер, қаржы жеткілікті болуы қажет. Осы ретте Елбасының шешіміне сәйкес, қазір кардиохирургиялық орталықтар Астанада ғана емес, облыстарда да салынуда. Қазір елімізде 2 республикалық, 5 облыстық кардиохирургиялық орталық, 6 кардиологиялық орталық және 13 кардиохирургиялық бөлімшелер халыққа қызмет етеді. Осылайша әлемде қолданылатын барлық жоғары технологиялар бүгінде қазақстандықтардың игілігіне айналып отыр.

Бұрынғы кеңестер одағының іргелі медициналық орталықтарында кардиохирург болып қызмет еткен жылдарында тамаша тәжірибе жинақтаған білікті маман, халықаралық деңгейдегі кардиохирург, Н.И.Пирогов атындағы Ресей ұлттық медициналық зерттеу университетінің түлегі Юрий Пя Астандағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының тізгінін қолына алғаннан бері ұйымдық және емдеу қызметінде тынымсыз ізденіс үстінде. Пя мырзаның жетекшілігімен осы жылдар ішінде орталықта жиырмаға жуық бірегей, инновациялық технологиялар енгізілді. Қазіргі күні осы технологиялардың негізінде жүрек функциясы жетіспеушілігінің шағын инвазивті емдеу әдістері, гибридті хирургия, трансплантологияны дамыту, жүректің ишемиялық ауруының хирургиялық емес емдеу әдістері, неонаталды және феталды кардиохирургияның дамуы секілді бағыттарда емдеу ісі жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, ROC Safe жүйесін қолдану арқылы кардиохирургиялық оталарды жүргізу технологиясы енгізілді. Бұл емделушілер үшін жаңа, тиімді және қауіпсіз технология саналады. Осы жүйені қолдана отырып ота жасалғанда уақытша жасанды вентиляция қысқартылып, отадан кейінгі қанның азаюы (мерцат аритмиясы және қан кету) салдарынан ота кезінде және одан кейінгі уақытта қан құю қажеттілігі төмендейді. Аортокоронарлық шунттеу және жүрек клапандарын протездеу барысында жүрек ырғағының бұзылуы бар сырқаттарды емдеуде Cardioblate жүйесінің интраоперациондық радиожиілікті аблациясы - инновациялық технологияларымен оталар жасала бастады. Сонымен қатар эндоваскулярлық хирургтермен бірлесе отырып, қиын гибридті оталар жасалуда. Тағы бір жетістік - жүрекке ашық операция жасау барысында экстракорпоральды мембранды оксигенация әдісі енгізілді. Яғни дем алысы қиындаған жандарға ота жасау барысында егу арқылы қанына оттегі толтырылатын болды. Сондай-ақ, интервенциялық кардиология дәрігерлерінің бастамасымен туа біткен жүрек ақауы бар науқастардың жүрек қарыншасындағы «көпірдің» ақауын транскатетер арқылы жабуға арналған технология енгізілді. Елімізде алғаш рет бір жасқа дейінгі балаларға, туабітті жүрек ақауы бар сәбилерге, сонымен қатар, бір ғана қарыншасы бар жүректерге жоғары технологиялық, көпсатылы кардиохирургиялық оталар жасалуда. Осы уақыт ішінде барлығы 13 мыңға тарта ота жасалса, соның 3710-ы ашық жүрекке жасалды. Орталықта ота жасаудың арқасында 1046 баланың өмірі аман сақталып, 94 шетелдік азамат емделіп шыққан. Орталықта 800-ден астам адам қызмет етеді, оның ішінде 155 дәрігер, 310 орта және 196 кіші медициналық қызметкерлер. Дәрігерлердің 50 пайыздан астамының және ОМҚ 35 пайызының біліктілік санаттары бар. 24 дәрігердің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 11-і - медицина ғылымының докторы болса, 13 дәрігер кандидаттық дәрежеге ие. «Кардиохирургия» мамандығы бойынша 9 дәрігер және «кардиология» мамандығы бойынша 7 дәрігер оқытушылық қызмет жүргізеді.

Орталық мамандары болашақта жүрегінде ақауы бар науқастарға жүрек трансплантациясы бойынша оталар, жүрек клапанында ақауы бар науқастарға аорталды клапанды тері арқылы протездеу, артериалды гипертензия терапиясына интервенциялық емдеу, жүректе аз инвазивті эндоскопиялық оталар, аритмиясы бар балаларға жоғары мамандандырылған көмек көрсету, аз инвазивті эндоваскулярлы араласулар жоспарлануда.

Орталықта жүрек ырғағының бұзылуы, жүректің кенеттен тоқтап қалуының генетикалық үрдістері туралы ғылыми-техникалық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс басталды. Осы жобаның жүзеге асырылуы жүректің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары мерцат аритмиясы бар адамдардың жүрек ырғағы бұзылуының даму механизмі мен себептерін анықтауға мүмкіндік береді және диагностикасының жаңа әдістерін әзірлеуге көмектеседі.

Кардиохирургиялық орталық Назарбаев Университеттің клиникалық базасы болып табылады. Академиялық осы негізде орталық медициналық кадрлардың жаңа формациясын қалыптастыруға және кәсіби қызметтің барлық деңгейінде үздіксіз білім беру үрдісін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Орталық қазақстандық сәйкестікті, денсаулық сақтаудың үздік халықаралық моделі мен ғылыми тәжірибесін үйлестіретін кардиохирургиядағы ұлттық бренд ретінде даму мақсатын көздейді. Осыған орай Орталықтың серіктестіктері қатарына Германия, Италия, Бельгия, Франция, Түркия, АҚШ және Израиль елдерінің жетекші клиникалары кіреді.

Орталықта осы саланың ең үздік мамандары шоғырланған. Олардың көпшілігі АҚШ, Германия, Израиль, Түркия, Литва, Ресей және Белоруссияның жетекші клиникаларында білім алған. Олардың жиі-жиі шетелдерге шығып, өздерінің біліктіліктерін арттырып отыруына бар мүмкіндік жасалған. «Өткен жылы біз Түрік Республикасының кардиохирургтерімен өзара ынтымақтастық туралы келісім жасадық. Ал оған дейін литвалық, израильдік, чехиялық, қырғызстандық және америкалық әріптестерімізбен де осындай меморандумға қол қойған болатынбыз. Меморандумға қол қойған емдеу мекемелері бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыта отырып, заманауи технологияларды қолдану саласында тәжірибе алмаса алады. Сондай-ақ ғылыми семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру, медицина және басқару персоналының біліктілігін арттыруға бағытталған шараларды бірлесе атқаруға мүмкіндік береді», - дейді Орталық жетекшісі.

Былтыр Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының ұйымдастыруымен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Интеграция арқылы - табысқа» деген тақырыпта кардиохирургтердің екінші ұлттық конгресі өтті. 18 елден осы саланың айтулы өкілдері қатысқан конгресс кардиохирургияда заманауи технологияларды қолданудың болашағы мол, тиімді бағыттарын анықтауға, кардиохирургияны дамытуда стратегиялық шешімдер қабылдауға жол ашты деуге болады.

Орталықтың бүгінгі деңгейін осы конгреске қатысқан Техас Жүрек институтының директоры Оскар Фрейзер тәрізді көрнекті мамандардың көзқарасынан айқын бағамдауға болады: «Сіздердің кардиохирургиялық клиникаларыңыздың жағдайы мені таңғалдырды. Мамандарыңыз заманауи жабдықтарды жақсы меңгерген, жауапкершілікті аса жоғары сезінеді. Мен осы Орталық мамандарының бірнеше операцияларына қатыстым. Бәрі ойдағыдай өтті. Мен мұндай деңгейге кездесемін деп ойлаған жоқ едім. Сіздер кейбір Еуропа елдерінен де озып кетіпсіздер. Қазақстанда кардиохирургияның қарқынды дамуына көзім жетті, мұны реанимациялық және операциялық бөлімшелердің жабдықталуы деңгейі бойынша жас кардиохиругтардың дайындығынан көруге болады».

Міне, әлемдік деңгейдегі кардиологтың жоғарыдағыдай бағасына ие болған Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың қызметі кез келген медициналық қызмет көрсетуші мекемедегі секілді басты және ең негізгі тұлға болып табылатын емделушіге деген қамқорлықтың көрінісі. Сондықтан Орталықтағы бар қызмет емделушінің талап-тілегі төңірегінде орайластырылады, оның құқы қатаң сақталады.

Адамға өмір сыйлау - бұдан асқан бақыт болар ма, сірә. Сондықтан мойынға орасан міндет пен жауапкершілік жүгін алып, сәт сайын адам өмірі үшін арпалысқан Юрий Пя бастаған ақ халатты дәрігерлер ұжымына аурудан қиналып келіп, жан-тәніне шипа тауып қайтатын жандар айтар алғыс шексіз.

Соңғы жаңалықтар