«Еуразиялық банк» АҚ-ның Басқарма төрағасы ауысты

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еуразиялық банк» АҚ Директорлар кеңесінің маусымның 7-сіндегі шешімі бойынша Басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып Қайрат Бекетов тағайындалды. Бұған дейін Басқарма төрағасы лауазымын Жомарт Ертаев атқарып келген еді.
Банктің Директорлар кеңесінің мүшесі Борис Умановтың айтуынша, олар мұндай шешімді ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі төрағасының №206 бұйрығы бойынша жүзеге асырып отыр. Маусымның 3-і күні кешкі сағат 18:15-те алған бұл бұйрықта Басқарма төрағасы Жомарт Ертаев пен оның орынбасары Алексей Агеевті Альянс банке қатысты күмәнді есеп бергені үшін қызметінен босату жайы қозғалған. Осы себепті кеше банктің Директорлар кеңесі шұғыл мәжіліс жасап бұйрықты орындаған.
Қайрат Тоқмырзаұлы Бекетов 2008 жылдың шілде айынан бері төраға орынбасары қызметін атқарған. 1996 жылы Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген ол 1998 жылы азаматтық құқық магистрі дәрежесіне ие болған еді. Еңбек жолын Қазақстан банктерінің қауымдастығы мен Қазақстан интернационал банкінде заңгер боп бастады. Ал 2002-2005 жылдары «Steiner und Zingermann LLP» ЖШС қаржы институттарымен жұмыс жасатын атқарушы директор, 2002-2007 жылдары «Альянс банк» ААҚ-ның құқықтық мәселелер жөніндегі атқарушы директоры болды. 2007 жылы «Авантаж» корпорациясын басқарып, 2008 жылы маусымда «Еуразиялық банк» АҚ-ның Басқарма төрағасының кеңесшісі, ал шілдеде Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.