Еуразиялық экономикалық одақ ұлттық экономикамыздың дамуына серпін береді
![None None](/static/img/plug.webp)
Елбасымыздың алғаш рет алға тартқан ерікті, тең құқықты Еуразиялық интеграция, кеңестен кейінгі кеңістік мемлекеттерінің ортақ экономикалық жөніндегі идея бүгінде Еуразия экономикалық одаған құру түрінде нақты жүзеге асып отыр. Бұл өміршең ұсыныс Қазақстанның Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің, ислам мен христиан әлемдерінің арасындағы көпір, сондай-ақ өкениетаралық және конфессияаралық унқатысудың байланыстырушысы болып отыр.
Ал, Батыста Еуропа одағын құруға 60 жылдай уақыт өтті деуге болады. Бұл одақ жөніндегі шартқа Парижде 1952 жылғы 25 шілде де қол қойылған. Одан кейінгі 1958 жылғы шартқа Римде қол қойылған. Одан бергі уақытта Еуропа одағы өзін жетілдірумен, кеңейтумен келеді.
Ал, Еуразиялық экономикалық одаққа келетін болсақ, 2000 жылы Астанада Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғыстан және Тәжікстан Еуразиялық экономикалық қауымдастық құру туралы шартқа қол қойды. Ал, 2010 жылы Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында Кедендік одақ құрылды. Арада бес жыл өткенде ғана Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою мүмкіндігі туып отыр.
Әрине бұл белеске жету үшін де интеграцияның талай кезеңдерінен өтуге тура келді. Ең алдымен еркін сауда аймағын құрылды. Одан кейін Кеден одағы құрылды. Енді, міне, Еуразия экономикалық одағы туралы шартқа қол қоюға дайындық жасалып жатыр. Осы жылдар ішінде интеграция институттары да бірінен кейін бірі жасақталды. Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссия, Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Еуразиялықэкономикалық қоғамдастықтың соты сияқты институттар дүниеге келді. Уақыт сынынан өтпеген бірқатар интеграциялық институттар тарады.
Еуразиялық экономикалық одақтан келетін пайдамыз ұшан-теңіз деуге болады. Бұл одақ Қазақстанның мүддесіне толық сай келеді. Біз әрі қарай дамуымыз үшін өнім өткізу рыноктарын кеңейтуіміз қажет. Себебі, тек 17 миллион ғана халқы бар рынокпен құлашыңды кең жая алмайсың. Қазір осы экономикалық одаққа кіргелі үш мемлекет аумағы жөнінен әлемде бірінші орында, халқының саны жөнінен алтыншы орында тұр. Кеден одағы біздің базарымызды барынша байтақ ете түсті. Шамамен 170 миллион адамдық қуатты ортақ рынок құрып берді. Былайша айтқанда, Қазақстан кәсіпорындары үшін рынок 10 есе кеңейді. Отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі сапалық тұрғыдан жаңа биікке көтерілуде. Қазақстан үшін атыменжаңа болып табылатын автокөлік шығару, фармацевтика сияқты салалар қалыптасуда. Қазақстаннан Кеден одағы елдеріне шығарылатын экспорт 3,6 миллиард АҚШ долларынан 6,8 миллиард АКШ долларына өсті. Ол 90 пайызға өсті деген сөз.
Сонымен бірге, өңделген тауарлар экспорты да өсіп жатыр. 2009 жылғы көрсеткіштен 2012 жылғы көрсеткіш екі жарым есе артық болды, яғни 2,4 миллиард АҚШ долларынан 4 миллиард АҚШ долларына жеткен. Сөйтіп, өңделген таурлардың экспорттағы үлесі 44,9 пайызға барған.
Рыноктың кеңейе түсуі технологиялар мен тауарлардың өтелімділігін арттырады.
Ал, енді осындай интеграциядан түсетін жалпы макроэкономикалық өнімдерді экспорттауға, тасымалдап жеткізуге жұмсалатын шығындардың азаюы арқасында тауарлардың бағасы төмендейді.Себебі, бұл елдердің бәрі де бір-біріне жақын тұр, оның үстіне ертеден қалыптасқан көлік коммуникациясы бар.
Тағы да айта кету керек, одаққа кіретін үш елдің экономикалық дамуы шамамен теңдес деңгейінен жалпы рынокта бәсекелестікке ынталандыру күшейтіледі. Себебі, қазір үш елдің өнеркәсіп тауарларына бір-біріміздің сұранысымызды қанағаттандыруға жарап жатыр. Мұндай жағдайда өз арамыздағы бәсекелестік сапа үшін оңды әсер етеді. Тауларға сұраныс көбеюінің арқасында өндірісті өркендете түсуге жол ашылады.
Қазіргі жаһандану жағдайында бірде-бір мемлекет интеграциясыз өмір сүре алмайды. Мемлекеттер арасындағы байланыстар біте қайнасын кетті. Бір-бірімен сауда жасамайтын, тауар алмаспайтын елдер жоқтық қасы. Тек интеграция ғана заман талабы деуге болады. Бұл жөнінде Елбасымыз былай деген: «ХХІ ғасыр - интеграция ғасыры. Ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият ойластырылған интеграцияға қарсы болу - заман үрдіспен дамуға қарсы болу. Ең дамыған елдердің барлығы бүгінгі биіктерге интеграция арқылы жетті. Бүкіл адамзат жаһандану жолымен дамып жатыр. Етек - жеңді қымтап,есік - терезені тарс жауып отыру дамуды тежейді, әлем көшінің соңында қалдырады. Біз - дамыған елдердің шаңын жұтуға емес, көшін бастауға ұмтылған елміз. Байбаламға салып, балақтан тартпай, байыппен ойлап, байсалды әрекет етсек жарасады.
Интеграция - ел тәуелсіздігіне ешбір қауіп төндірмейді, керісінше, нығайта түседі. Ол нарықты кеңейтеді, алыс - беріс пен барыс - келісті арттырады, бәсекелік қабілетімізді шыңдайды».
Елбасымыздың бұл сөздері алдан тосатын қатаң бәсекелестікке қабілетті болуға шақырады.