Еуразиялық экономикалық одақта дәрілік құралдардың ортақ нарығы қалыптасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа сәйкес 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап тиісті фармацевтикалық тәжірибе стандарттарына сай келетін дәрілік құралдардың ортақ нарығы қалыптасады. Бұл туралы ҚР ДСМ баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

«Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы келісімшартты іске асыру барысында дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдар айналымының ортақ қағидалары мен ережелерін анықтайтын Келісімдер әзірленеді. Келісімді одаққа мүше елдер 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін бекітуі тиіс. Қазіргі уақытта келісім-шарт жобалары әзірленіп, тараптардың жұмыс топтарында келісіліп жатыр», - деп жазылған хабарламада.

Дәрілік құралдар айналымының ортақ қағидалары мен ережелері туралы келісім-шарт тараптар аумағында өндірілген, GХP фармацевтикалық стандарттарына сай келетін дәрілік құралдарға ғана таралады.

GХP - фармацевтикалық өнім сапасының әлемде танылған стандарттары.

Бұл шара аталған стандарттарға сай өндірілген дәрілік құралдардың ортақ нарықта еркін айналымына қажетті зертханалық сынақтар мен құжаттамаларды өзара мойындауға жағдай жасайды.

Осылайша, стандартарға сай дәрілік құралдар ЕАЭО елдері нарығында қосымша құжаттарсыз және сынақтарсыз еркін айналымда болады.

Қазақстанның болашақта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болатыны, тиісінше бәсекелестіктің күшейетіні ескеріле отырып, фармацевтикалық зауыттарды аталған стандартарға біртіндеп көшіру жөнінде шешім қабылданды. Қазақстанның ірі өндірушілері қазірдің өзінде GMP - тиісті өндірістік тәжірибе стандартына ие болған немесе оны алу шараларын жүргізуде.

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде отандық дәрілік құралдарды өндірушілер үшін 170 млн. адамы бар ортақ нарыққа жол ашылады. Дәрілік құралдардың ортақ нарығының болуы бәсекелестіктің артуына байланысты дәрілер мен медициналық бұйымдарға бағаның төмендеуіне жағдай жасайды. Жоғары талаптар, өндірістің жаңартылуы, технологиялар, өндірістік қуаттың және дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдарға таңдаудың артуы нәтижесінде дәрілердің де сапасы арта түспек.

Соңғы жаңалықтар