Еуразиялық одақтың анық бейнесі болуы керек
Бірақ Еуразиялық экономикалық одақты (ЕЭО) дәріптеу жолындағы негізгі міндеттердің бірі - оның анық бейнесін қалыптастыру. «Әлі күнге дейін ЕЭО-ның ешқандай ресми символикасы жоқ. Мұның өзі экономикалық бірлестікті тануды және қарапайым азаматтардың, журналистердің, сарапшылардың, саясаткерлердің алдында жағымды жағынан қабылдауды қиындатады»,- дейді ол. Ресейлік сарапшы ЕЭО-ны құрудың нәтижесінде көптеген экономикалық артықшылықтарға қол жеткізетінімізді айтады. Біріншіден, бұл халықаралық нарықтарда табысты бәсекелестікке түсе алатын жаңа жетілдіру жобасының және ұлттық-еуразиялық компаниялар пулының қалыптасуына ықпал етеді. Екіншіден, бұл өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, қызмет көрсету салаларында пайда болатын жаңа брендтерге қадам жасау. Осы брендтер арқылы бірнеше жылдардан кейін еуропалық немесе қытайлық тұтынушы жаңа Одақты жазбай танитын болады. Үшіншіден, бұл жаңа өнеркәсіптік саясатты қалыптастыруға және жаңа өндірістік тізбектерді құруға жасалатын қадам. Төртіншіден, бұл жаңа әлеуметтік саясатты қалыптастыратын есептеу нүктесі болмақ. Юлия Якушеваның айтуына қарағанда, алдағы уақытта жаңа бизнес, жаңа жұмыс орындары, әлеуметтік лифтілер, өнім сапасының еуразиялық стандарты сияқты ұғымдар қолданысымызға енеді. Бәрінен бұрын, ЕЭО-ның аясында еуразиялық интеграцияның әлеуметтік өлшемі анықтауышқа айналады. Сондықтан да қоғамның қазірдің өзінде интеграциялық құрылымдардың қызметін толықтыруда белсенділік танытуы өте маңызды. «ЕЭО-ны құру туралы Шартқа қолдарын қоя отырып, үш елдің мемлекет басшылары бұл бірлестікте жекелеген мемлекеттердің немесе элиталық топтардың ашкөздік мақсаты жоқ екендігін жақсы түсіне білді. Керісінше, бұл одаққа біріккен елдердің негізгі мақсаты - «шикізаттық державалардың» тар шеңберінен шығып, бәсекеге қабілеттіліктің жаңа шептеріне ұмтылу, әлемдік нарықтардағы үлкен ойынның тең дәрежелі қатысушысына айналу»,- дейді ресейлік сарапшы. ММУ-дің АСО-ның сараптамалық бөлімі жетекшісінің пікірінше, ЕЭО-ны құру туралы Шартқа қол қою - жеткен жетістіске масаттанатын себеп емес. - Біз алыс та қиындықтарға толы жолдың басында тұрмыз. ЕЭО-ға кірген елдердің алдынан ашылатын үлкен мүмкіндіктерге қарамастан, сол мүмкіндіктерді іске асыру үшін үлкен қажыр-қайратты талап ететін жұмыс күтіп тұр. Сондықтан ұлтүстілік органдардағы тең құқылық пен тең өкілділік қағидаттарына өзара сыйласымдылық қағидатын да қосуымыз қажет,- дейді ол. Сонымен бірге, ресейлік сарапшы 2014 жылдың 29-шы мамырында Астанада Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы Шартқа қол қою рәсімінің өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады. «2014 жылдың 30 мамырында бізді қоршаған әлем басқаша түрге өзгермесе де, сол сәттен бастап Мәскеу, Астана және Минскінің арасындағы өзара сенімнің аса маңызды психологиялық межесіне жеттік деп айтуымызға болады»,- дейді Ю. Якушева.
Әмірлан Әлімжан