Еуразиялық топтың сарапшылары Қазақстанның қылмыстық кіріс пен қаржылық лаңкестікті заңдастыруға қарсы іс-әрекеттерін бағалайды - Қаржылық мониторинг жөніндегі комитет төрағасы

АЛМАТЫ. Мамырдың 31-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Шілде айынан бастап Қылмыстық кіріс пен қаржылық лаңкестікті заңдастыруға қарсы әрекет жөніндегі Еуразиялық топтың сарапшылары Қазақстанның атқарып жатқан жұмысына бағалау жүргізеді.
None
None

Бұл жайлы бүгін Алматыда өтіп жатқан "Жеке сектордың қызметіндегі қаржылық қауіпсіздік мәселелері және қылмыстық кірісті заңдастыру мен лаңкестікті қаржыландыруға қарсы әрекет саласында халықаралық стандарттарды қолданудың озық тәжірибелері" деп аталатын Қазақстан-Ресей консультативтік форумында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазақстанда "Лаңкестікті қаржыландыру мен заңсыз жолмен алынған кірісті заңдастыруға қарсы әрекеттер туралы" заң Түркіменстаннан кейін қабылданды. Алайда бұл бағыттағы іс-шаралардан бізді озып кеткен ешкім жоқ. Қаржылық және құқықтық заңдарымыздың бәрі жоғары деңгейде, халықаралық стандарт бойынша жасалған. Қылмыстық кіріс пен қаржылық лаңкестікті заңдастыруға қарсы әрекет жөніндегі Еуразиялық топқа мүше елдер 2 жылда 1 рет бір-бірінің жұмысын бағалайды. Еуразиялық топтың географиялық ауқымы өте кең, ол шын мәнінде де еуразиялық кеңістікті алып жатыр", дейді ҚР Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг жөніндегі комитетінің төрағасы Мүсірәлі Өтебаев. Оның айтуынша, бағалау талаптары барлық елге ортақ. Қылмыстық кірісті заңдастыруға қарсы әрекетте комитеттің жұмысы ғана емес, елдің бүкіл жүйесі бағаланады. Мұндай шара биыл Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылғалы отыр. Құқық қорғау органдарының жұмысында жетістіктер де, олқылықтар да бар. Бір-бірімізден үйренетін тұстарымыз жеткілікті. Мемлекеттік-жеке әріптестіктің арқасында қазір Қаржылық мониторинг комитеті күн сайын жеке сектордан күдікті операциялар туралы 1,5-2 мың хабарлама алады.

Соңғы жаңалықтар