Еуро-2020: Қазақстан құрамасы Бельгиядан үшінші мәрте жеңілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан 2020 жылғы Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінде I тобында сынға түсіп жатқан Қазақстан құрамасы бүгін Бельгиядан ірі есеппен жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біздің құраманың бас бапкері Михал Билек алғашқы минуттан төмендегі ойыншыларға сенім білдірді. Қақпаны Дмитрий Непогодовқа сеніп тапсырса, қорғаныста Абзал Бейсебеков, Темірлан Ерланов, Сергей Малый, және Александр Марочкин - Исламбек Қуат ойнайды. Ал жартылай қорғаныста Юрий Перцух, Максим Федин, Георгий Жуков, Ян Вороговский жасыл алаңға шықса, шабуыл шебінде Тоқтар Жанғылышбай болды.

Ал Бельгия құрамасының бас бапкері Роберто Мартинес алғашқы минуттан қақпаға Тибо Куртуаны шығарса, қорғаныста Венсан Компани, Ян Вертонген, Тоби Алдервейрелд сынды жігіттерге сенім білдірді. Ал жартылай қорғаныста Аксель Витсель, Кевин де Брюйне, Торган Азар, Тимоти Кастань ойнаса, шабуылда Эден Азар, Дрис Мертенс, Ромелу Лукаку бой көрсетті.

Еске сала кетелік, Бельгия әлем футболында үздіктер қатарында саналады. FIFA-ның соңғы рейтингінде аталмыш құрама бірінші орында тұр. Сондықтан біздер үшін бүгінгі кездесу оңайға соқпайтыны анық еді. Расында да солай болып шықты.

Бельгия құрамасы алғашқы минуттан ойын тізгінін қолға алды. Біздің қақпаның қос қапталынан жиі бой көрсетті. Олардың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Десе де алғашқы гол 11-минутта соғылды. Дрис Мертенс тепкен доп біздің қорғаушының аяғына тиіп бағытын өзгертіп жіберді. Нәтижесінде қақпашымыз Дмитрий Непогодов оның жолына бөгет бола алған жоқ.

Бельгия ойыншылары бұдан кейін де шабуыл шебін күшейте түсті. Әлем футболының жарық жұлдызы Эден Азар әріптесі Тимоти Кастаньге әдемі пас шығарып берді. Тимоти Кастань тепкен доп біздің қақпадан табылды. Бірінші кезеңде олар негізінен шабуыл шебінде жүрді. Дегенмен таблодағы есеп өзгерген жоқ.

Екінші кезеңде Михал Билек ойынға тәжірибелі ойыншы Бауыржан Исламханды қосты. Ол Тоқтар Жаңғылышбайды алмастырды. Бұдан кейін біздің футболшылар біршама ширақ қимыл көрсетті. Алайда кезекті шабуылдың бірінде Ромело Лукаку есепті үстемелей түсті. Есеп 3:0. Михал Билек тағы да екі ойыншыны алмастырды. «Ақтөбе» шабуылшысы Абат Айымбетов 66-минутта Максим Фединнің, 70-минутта Асхат Тағыберген Исламбек Қуаттың орнына алаңға шықты. Бұдан кейін біздің жігіттер біршама шабуыл ұйымдастырды. Дегенмен олардың ешбірі голға айнала қойған жоқ. Осылайша Бельгия 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетелік, бұдан бұрын екі құрама төрт мәрте кездесті. Екі ойын тең аяқталса, екеуінде бельгиялықтар басым түсті. Бүгінгі кездесуден кейін Бельгия біздің құраманы үшінші мәрте тізе бүктірді.

Бүгін I тобында Ресей Сан-Мариноны 9:0, Шотландия Кипрді 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Келесі тур ойындары 11 маусымда өткізіледі. Бұл күні Қазақстан өз алаңында Сан-Мариноны қабылдаса, Бельгия мен Шотландия, Ресей мен Кипр шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар