EURO 2024: 19 маусымда қай құрамалар ойнайды

футбол
Фото: instagram.com/euro2024

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының алытыншы ойын күні, 19 маусымда үш ойын өтеді. 

Ең алдымен 18:00–де В тобында Хорватия мен Албания ойнайды. 

Кездесу Гамбург қаласындағы «Фолькспаркштадион» стадионында болады. 

Алғашқы турда Испания Хорватияны 3:1, Италия Албанияны 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Аталған топта Испания мен Италия үш ұпаймен көш басында тұрса, Албания мен Хорватияның еншісінде бір де бір ұпай жоқ.

Бұл топтағы Испания мен Италия кездесуі ертең, 20 маусымда өткізіледі.

Одан кейін А тобында Германия мен Венгрия ойыны 20:00–де болады.

Кездесу Штутгарт қаласындағы «Мерседес-Бенц-Арена» стадионында болады. 

Аталған топтағы Шотландия мен Швейцария кездесуі 00.00-ге белгіленген.

Ойын Кёльн қаласындағы «Райн-Энерги» стадионында өтеді. 

Алғашқы турда Германия Шотландияны 5:1, Швейцария Венгрияны 3:1 есебімен тізе бүктірді. 

Көш басында үш ұпаймен Германия мен Швейцария келеді. Ал Венгрия мен Шотландия әзірге ұпай еншілеген жоқ.

Ойындардың барлығы «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. 

Еске салсақ, 18 маусымда Португалия Чехияны 2:1, Түркия Грузияны 3:1 есебімен жеңді. 

Соңғы жаңалықтар