EURO 2024: Алдағы екі ойынның маңызы зор – Ермұхамед Мәулен

Футболдан Қазақстан құрамасын 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында маңызды екі ойын күтіп тұр. Бүгін елордада Сан-Марино құрамасымен кездессе, үш күннен кейін сырт алаңда Словениямен шеберлік байқасады. Екеуінде де жеңіске жеткен жағдайда қазақстандық футболшылар тұңғыш рет құрлықтық доданың финалдық сатысына жолдама алуы мүмкін. Ұлттық құраманың мүмкіндігі жөнінде Kazinform тілшісі белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленді әңгімеге тартқан еді. 

Ермұхамед
Фото: Ермұхамед Мәуленнің жеке мұрағатынан

– Ұлттық құрама капитаны Асхат Тағыберген мен жартылай қорғаушы Бахтиер Зайнутдинов алған жарақатына байланысты алдағы екі ойынға қатыса алмайды. Олардың орнын кімдер басуы мүмкін? 

– Иә, екі футболшы да ойынға қатыса алмайды. Асхат та, Бахтиер де ұлттық құраманы өрге сүйреп жүрген жігіттер. Дегенмен Асхат құрамадағы әріптестеріне қолдау білдіріп, дайындық жұмыстарына келіп жүр. Ұлттық құрама сапында оның орнын басатын футболшылар жеткілікті. Еліміздің бас командасына кілең тәжірибелі ойыншылар жиналған. Мәселен, қазір бабында жүрген Исламбек Қуатты айтуға болады. Оған қоса Абзал Бейсебеков ортада ойнай алады. Сондай-ақ «Қайрат» сапындағы Әділет Садыбеков те ұлттық құрамаға шақырту алды. Өйткені, бізге алаңның ортасында ойнайтын футболшылар қажет. Бас бапкер Магомед Адиевте бұған байланысты үш-төрт нұсқа бар деген сенімдемін. 

Ал Бахтиер Зайнутдинов ойламаған жерден жарақат алып қалды. Сол себепті бас бапкер тактикалық сызба нұсқаны өзгертуі мүмкін. Мәселен, еркін ойнай алатын, кез келген позицияда жүретін Рамазан Оразовты пайдалануға тырысады деген ойдамын. Басқа да нұсқаларды қарастырып көруіне болады. 

– Жанкүйерлер ұлттық құраманың Еуропа чемпионатына жолдама алғанын қалайды. Германиядағы доп додасына баруға деген мүмкіндігіміз қандай? Алдағы екі ойында жеңіске жете аламыз ба? 

– Әзірге «Еуропа чемпионатына бара аламыз ба» деген мәселеге байланысты болжам айту өте қиын. Себебі, алда әлі екі тур бар. Сондықтан бұған қатысты бірнеше нұсқаны қарастырамыз. Барлығы алдағы Словения мен Дания құрамаларының өзара кездесуінен кейін белгілі болады. Содан кейін ғана нақты жорамал жасай аламыз.
Соңғы турда біздің футболшылар Словениямен шеберлік байқасады. Сол сәтте өтетін Дания мен Солтүстік Ирландия кездесуіндегі жағдай да турнир кестесіндегі жағдайға әсер етуі мүмкін. Сол себепті біз құрлықтық доданың финалына шығамыз деп алдын ала жорамал жасай алмайтынымыз анық. 

Негізінде қай құрамаға да мұндай жоғары деңгейдегі дүбірлі додаға жолдама алу өте қиын. Оны мойындауымыз қажет. Ұлттық құрамамыз жанкүйерлерге бұрын біз үшін мүмкін болмай келген қуаныштарды сыйлап жатыр. Десе де мақсатымыз айқын. Ол – екі ойында да жеңіске жету. Ендігі кезекте оны орындауымыз тиіс. 

Біздің құрамаға сырт алаңда Словениямен кездесу қиынға соғады деп ойлаймын. Өйткені, оларды жеңу көптеген құрамаға оңайға соқпай жүргенін білеміз. Тәжірибелі қарсыластардың өзі Словениямен тең түсіп немесе жеңіліп қалып жатады. Бұл қарсыласымыз өзінің алаңында өте сенімді ойнайды. Оны да естен шығаруға әсте болмас. 

Ермаш
Фото: Ермұхамед Мәуленнің жеке мұрағатынан

– Словениямен елордада өткен алғашқы кездесуде біздің құрамаға не жетіспеді? Бірінші болып гол соғып, артынан екі гол өткізіп алдық. Біздің құраманың сенімді ойнай алмауына не себеп болды? 

– Иә, Астанада өткен ойында ұлттық құрамамыз Словенияға алғашқы болып гол соққан еді. Одан кейін словениялық футболшылар өте жылдам шабуылдар ұйымдастырды. Беньямин Шешко деген сұрмергені қазақстандық қорғаушыларға едәуір жұмыс тауып берді. Ол Германия бундеслигасында футбол ойнайды. Мамандар оның шеберлігін жоғары бағалайды. Қазақстан мен Словенияның алғашқы кездесуінде Шешко өз құрамасының жеңісіне барынша үлес қосты. 

Словениялық футболшылар бір-біріне тамаша пас берді. Соның арқасында гол соғып кетті. Негізінде сол ойында біздің құрама жеңіске жетіп немесе тең түскенде қазір турнир кестесіндегі жағдай басқаша болатын еді. Жақсы, енді оны өтіп кеткен ойын деп бағалайық. 

Шынын айтқанда, Словения құрамасының деңгейі бізден бір бас жоғары. Еуропада ертеден бері доп тебеді. Бұдан бұрын құрлықтық доданың үздіктер бәсекесінде бақ сынап үлгерген. Футболшылардың басым бөлігі кәрі құрлықтың беделді клубтарында өнер көрсетеді. Сол себепті аталған қарсыласымызбен кездесу біздің құрама үшін үлкен сынақ болғалы тұр. 

– Қазақстан құрамасының қазіргі буынын қалай бағалайсың?

– Ұлттық құрама жейдесін киіп жүрген қазіргі буын еурокубокта ойнап, мол тәжірибе жинақтаған жігіттер екені белгілі. Еуропаның жоғары деңгейдегі чемпионаттарында доп теуіп жүрген төрт футболшымыз бар. Сондықтан ұлттық құраманың қазіргі құрамының тәжірибесі мол. Оған қоса басым бөлігі – жалындап тұрған жастар. Сол себепті олардың қазіргі деңгейін жоғары бағалаймын. Бірақ, біз бұл деңгейден де биік болуымыз тиіс. Әлі де өсе түскенін қалаймыз. 

– Елімізде балалар футболына қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? 

– Елімізде талантты футболшыларды шығару үшін арнайы академиялар ашылу қажет. Қазір бізде ресми түрде екі академия ғана бар. Қазақстанның өзге өңірлерінде ондай орындар жоқ. Негізінде футбол академиялары барлық аймақта болуы керек.

Сондай-ақ балалар футболындағы бапкерлердің біліктілігін арттыру да ұмыт қалмауы тиіс. Бұған байланысты әдістеме кейбір өңірлерде баяғы деңгейде қалып қойған. Ендібірі еуропалық талаптарға негізділген әдістемені пайдаланады.

Айта кетсек, шетелдегі балалардың футбол академиялары өз әдістемесін басқаға беруге құлықсыз. Оны шешудің жолы бар. Алғашқысы сол жақтан мамандарды арнайы шақыртып, келісім бойынша қызмет жасауға ұсыныс білдіру. Болмаса, біздің бапкерлерді сол жаққа оқуға жіберген дұрыс. Осы екі нұсқа бойынша олардың әдістемесін пайдалануға мүмкіндік туады. Әйтпесе,  ешқандай академия  балаларды футболға дайындау әдістемесін бермейді. Бергеннің өзінде кейбір өңірлерде оны жүзеге асыру қиын. Өйткені, техникалық-материалдық база әлсіз. Сондықтан Премьер-лигада ойнайтын әр футбол клубында балаларға арналған орталықтың жұмыс істеуі талап етіледі. Мәселен, сегіз жас ерекшелігі бойынша балалар командасы болуы тиіс. Қазір сол арқылы талантты жастарды шығаруға мүмкіндік көп. 

– Әңгімеңе рақмет.

Айта кетейік, 17 қарашадағы Қазақстан-Сан-Марино кездесуін «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде ұсынады. 20 қарашада өтетін сырт алаңдағы Словенияға қарсы ойынды «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары сағат 01:45-те тікелей эфирде көрсетеді.