Euro 2024: Бүгін елордада Қазақстан және Финляндия кездесуі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы бесінші кездесуін Финляндияға қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан және Финляндия кездесуі 7 қыркүйекте елорда уақытымен 20:00-де «Астана-Арена» стадионында өткізіледі.
Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Қазірге дейін төрт ойыннан кейін тоғыз ұпай жинаған Қазақстан және Финляндия турнир кестесінде көш бастап тұр.
Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасы төрт кездесу өткізді. Қазақстандық футболшылар Словениядан 1:2 есебімен жеңілсе, Данияны (3:2), Сан-Мариноны (3:0), Солтүстік Ирландияны (1:0) есебімен қапы қалдырды.
Қазақстан мен Финляндия қазірге дейін бес мәрте кездесіп үлгерді. Оның біреуінде тең нәтиже тіркелсе, төртеуінде финляндиялық футболшылар жеңіске жетті.
Ал бүгін елорда уақытымен 23.45-те қазақстандық футболшылар ойын көрсететін H тобында Дания мен Сан-Марино, Словения мен Солтүстік Ирландия құрамалары жасыл алаңға шығады.
Сондай-ақ, В, E, G топтарында төртінші тур ойындары өткізіледі.
Айта кетсек, «Астана Арена» стадионындағы халықаралық бәсекеге байланысты елорда жолдарында көлік кептелісін азайту мақсатында, 5 тұрақ торабынан арнайы шаттл-автобустар жүреді:
- «Астаналық цирк» автотұрағы;
- «Қазақстан» СК автотұрағы;
- «Әзірет Сұлтан» мешітінің тұрағы;
- «Әбу Насыр Әл-Фараби» мешітінің тұрағы (Нұр-Астана);
- «Жастар» сарайы тұрағы.
Шаттл-автобустар тұрақтардан сағат 19:00-де қозғалады.
«Футбол матчын өткізу кезеңінде қоғамдық көлікті пайдалануға шақырамыз.
Сондай-ақ, матч аяқталған соң футбол көрермендерінің ыңғайлылығы үшін қосымша №10, 12, 21, 26, 28, 37, 40, 49, 51, 53, 60 қалалық және № 303 қала маңы бағдарлары Қабанбай батыр даңғылындағы аялдамады тұрады», - деп жазды жергілікті әкімдіктен.