EURO-2024: Бүгін 1/2 финалда Англия мен Нидерланд кездеседі

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында бүгін, 10 шілдеде 1/2 финалдағы екінші ойында Англия мен Нидерланд құрамалары кездеседі.

EURO-2024: Бүгін 1/2 финалда Англия мен Нидерланд кездеседі
Фото: sports.kz

Кездесу сағат 00.00-де басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Кездесу Дортмунд қаласындағы «Сигнал Идуна Парк» стадионында өтеді.

С тобында сынға түскен Англия Сербияны 1:0 есебімен жеңсе, Даниямен 1:1, Словениямен 0:0 есебімен тең ойнады. Англиялық футболшылар 1/8 финалда Словакияны қосымша кезеңде 2:1 есебімен сүріндірді. 1/4 финалда Швейцариямен негізгі кезеңде 1:1 есебімен тең түсіп, пенальтилер сериясында 5:3 есебімен жеңіп кетті.

Нидерланд D тобында Польшаны 2:1 есебімен жеңіп, Аустрияға 2:3 есебімен есе жіберсе, Франциямен 0:0 есебіне қанағат білдірді. 1/8 финалда олар 3:0 есебімен Румынияның осал тұсын тапса, ширек финалда түркияны 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Екі құрама бұған дейін 22 мәрте кездесіп, 6-да Англия, 7-де Нидерланд басым түссе, қалғанында тең нәтиже тіркелді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Испания 12 жылдан кейін Еуропа чемпионатының финалына шықты.

Соңғы жаңалықтар