EURO 2024: Ең көп ойыншы жіберген командалар анықталды

еуропа чемпионаты
Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына ең көп ойыншы жіберген командалар белгілі болды.

Бұл тізім бойынша «Манчестер Сити» (Англия) және «Интер» (Италия) командалары көш бастап тұр.

Екі команда құрамынан 13 футболшыдан құрлықтық бәсекеде өз елдерінің намысын қорғайды.

Англиялық клуб сапынан доп додасына Фил Фоден, Джон Стоунз, Кайл Уолкер (барлығы — Англия), Рубен Диаш, Бернарду Силва, Матеус Нунес (барлығы — Португалия), Кевин Де Брёйне, Жереми Доку (екеуі — Бельгия), Йошко Гвардиол, Матео Ковачич (екеуі — Хорватия), Родри (Испания), Мануэль Аканджи (Швейцария) және Натан Аке (Нидерланд) қатысады.

Ал миландық «Интер» құрамынан Николо Барелла, Алессандро Бастони, Федерико Димарко, Давиде Фраттези, Маттео Дармиан (барлығы — Италия), Бенжамен Павар, Маркус Тюрам (екеуі — Франция), Хакан Чалханоглу (Түркия), Дензел Думфрис, Стефан де Врей (екеуі — Нидерланд), Кристьян Аслани (Албания), Ян Зоммер (Швейцария) және Марко Арнаутович (Австрия) сынды футболшылар бар.

Сондай-ақ испаниялық «Реал Мадрид» пен франциялық «Пари Сен-Жермен» (12 футболшы), испаниялық «Барселона», германиялық «Бавария» мен «Лейпциг» (11 футболшы), англиялық «Арсенал» және германиялық «Байер» (10 футболшы), англиялық «Ливерпуль», италиялық «Ювентус», «Рома» және чехиялық «Славия» (9 футболшы) құрамынан да белгілі ойыншылар құрлықтық додаға барады.

Еуропа чемпионаты 14 маусым-14 шілде аралығында Германияның 10 қаласындағы стадиондарда өткізіледі.

Оған барлығы 24 құрама қатысады. 

Еске салсақ, бұдан бұрын Еуропа чемпионатында бас жүлдеден үміткер құрамалар анықталған еді. 

Соңғы жаңалықтар