EURO 2024: Франция екінші ойын қатарынан тең түсті

футбол
Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында плей-офф сатысына шыққан тағы үш құрама анықталды.

Бұл күні D тобында Франция құрамасы Польшамен кездесті. 

Алғашқы екі турда Франция Австрияны 1:0 есебімен жеңсе, Нидерландпен 0:0 есебімен тең түсті. 

Ал Польша Нидерландқа 1:2, Австрияға 1:3 есебімен жеңілді. Сондықтан олар бір тур бұрын плей -офф сатысына шығудан үмітін үзді. 

Өз тобында бірінші орын алу үшін Францияға жеңіске жету қажет еді. Бірінші кезеңде польшалық футболшылар азулы қарсыласына лайықты төтеп бере білді.

Екінші кезеңнің 56-минутында Польша қақпасына он бір метрлік айып добы белгіледі. Оны орындауда Килиан Мбаппе мүлт кеткен жоқ. 

Айта кетсек, Австриямен кездесуде ол мұрнынан жарақат алған еді. Салдарынан екінші ойынға қатыса алған жоқ.

Бас бапкер Дидье Дешам оны бүгін арнайы қорғаныш бетпердесімен алғашқы минуттан ойнауға рұқсат етті. 

Бұл кездесуде польшалық Роберт Левандовски 79-минутта пенальтиден таразы басын теңестірді. 

Осылайша құрамалар 1:1 есебіне қанағат білдірді. Франция екінші ойын қатарынан тең түсіп отыр.

Сондай-ақ тағы бір кездесуде Нидерланд пен Австрия құрамалары шеберлік байқасты.

Кездесу барысында Нидерланд сапынан Коди Гакпо 47, Мемфис Депай 76-минутта мергендік танытты. 

Айта кетсек, Мемфис Депай құрлықтық дода тарихындағы 900-шы голдың авторы атанды.

Ал нидерландтық Дониэлл Мален 6-минутта автогол авторы атанса, одан кейін австриялық Романо Шмид 59, Марсель Забитцер 80-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Ойын барысында Австрия қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Бұл топта Австрия алты ұпаймен бірінші орын алса, одан кейінгі орындағы Францияның бес ұпайы бар. 

Ал Нидерланд төрт ұпаймен үшінші орынға табан тіреді.

Аталған үш құрама плей-офф сатысына шықты.

Айта кетсек, енді 00.00-де C тобында Англия мен Словения, Дания мен Сербия кездеседі.

Соңғы жаңалықтар
telegram