EURO 2024: Испания жалғыз автоголмен Италиядан басым түсті

футбол
Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының жетінші ойын күнін B тобындағы Испания мен Италия құрамалары түйіндеді.

Итальяндық футболшылар 2020 жылы Еуропа чемпионы атағын жеңіп алған еді. Сол атағын биыл қорғай ала ма?

Аталған құрама бүгін Испаниямен кездесті. Ойын барысында испаниялық футболшылар белсенді қимыл көрсетті.

Бірінші кезеңде негізінен Испанияның шабуылы көрініс берді. Алайда оған қарсылас құрама лайықты қарсылық көрсетті.

Екінші кезеңде де олар сол қарқыннан бәсеңдеген жоқ. Ойынның 55-минутында Италия құрамасының қорғаушысы Риккардо Калафьори өзінің қақпасына гол жіберіп алды.

Осылайша кездесу тағдырын жалғыз гол шешіп, Испания құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді. Олар плей-офф сатысына бір тур бұрын қол жеткізді.

Айта кетсек, аталған топтағы алғашқы турда Испания Хорватияны 3:0, Италия Албанияны 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Енді аталған топта үшінші турда 24 маусымда Испания мен Албания, Италия мен Хорватия шеберлік байқасады.

Еске салсақ, 19 маусымда C тобында Англия мен Дания, Словения мен Сербия 1:1 есебіне қанағат білдірді.

 

Соңғы жаңалықтар