Euro-2024: Криштиану Роналду Португалия құрамасына жеңіс сыйлады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында төртінші тур мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
J тобында сынға түсіп жатқан Португалия құрамасы бұл турда да жеңіске жетті. Олар сырт алаңда Исландиямен шеберлік байқасқан еді. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз гол 89-минутта Криштиану Роналдудың еншісіне жазылды. Осылайша 38 жастағы футбол жұлдызы өзінің әлі де бабында екенін көрсетті.
Бұл топта Босния және Герцоговина өз алаңында Люксембургке 0:2 есебімен жол берсе, Лихтенштейн Словакиядан 0:1 есебімен жеңілді.
Ал А тобында Шотландия Грузияны 2:0, Норвегия Кипрді 3:1, Е тобында Албания Фарер аралдарын 3:1, Молдова Польшаны 3:2, F тобында Австрия Швецияны 2:0, Бельгия Эстонияны 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Ал G тобында Венгрия Литвадан 2:0 есебімен басым түссе, Болгария мен Сербия 1:1 есебімен тең ойнады.
Енді бесінші тур ойындары 7, 8, 9 қыркүйек күндеріне белгіленген.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан құрамасы төртінші турда Солтүстік Ирландияны 1:0 есебімен жеңді.