EURO - 2024: Нидерланд пен Франция кездесуі тең аяқталды

НИдерланд - Франция
Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының сегізінші ойын күнін D тобындағы Нидерланд және Франция құрамалары түйіндеді.

Жанкүйерлер құрлықтық додада екі құраманы да бас жүлдеден үміткерлер қатарына қосып отыр. Құрамында шеберлігі шыңдалған көптеген ойыншы бар. Сондықтан олар топтық кезеңде ешбір қиындықсыз плей-офф сатысына шығады деген болжам айтылды.

Алғашқы турда аталған құрамалар көсіліп ойын көрсете алған жоқ. Нидерланд Польшаны 2:1 есебімен жеңсе, одан кейін Франция Австрияны 1:0 есебімен тізе бүктірді.

Бірінші турда франциялық шабуылшы Килиан Мбаппе жарақат алып, бұл ойынға қатыспауы мүмкін деген жорамал айтылды. Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам оны қосалқы құрамда қалдырды.

Ойын басынан құрамалар бірден шабуылға көшті. Әсіресе, франциялық футболшылар белсенді қимыл көрсетті.

Кездесудің 69-минутында Нидерланд құарамысының жартылай қорғаушысы Хави Симонс гол соққан еді. Төрешілер VAR қарағаннан кейін оны ережеге сай соғылмағанын анықтап, есепке алған жоқ.

Құрамалар 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Енді 22 маусымда E тобында Бельгия мен Румыния ойнаса, F тобында Грузия мен Чехия, Түркия мен Португалия шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын D тобындағы Австрия Польшаны 3:1 есебімен жеңсе, Е тобында Украина құрамасы Словакияны 2:1 есебімен тізе бүктірді.

 

Соңғы жаңалықтар