EURO-2024: Нидерланд ширек финалға жолдама алды

 EURO-2024: Нидерланд ширек финалға жолдама алды
Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында бүгін, 2 шілдеде Нидерланд ширек финалға жолдама алды.

D тобында сынға түскен нидерландтық футболшылар жанкүйер көңілінен шығарлық ойын көрсете алған жоқ еді. Топтық кезеңде Польшаны 2:1 есебімен жеңіп, Аустрияға 2:3 есебімен есе жіберсе, Франциямен 0:0 есебіне қанағат білдірді. Нәтижесінде төрт ұпаймен үшінші орынға табан тіреді.

1/8 финалда нидерландтық футболшылар Румыниямен шеберлік байқасты. Кездесу барысында олардың қатарынан Коди Гакпо 20-минутта есеп ашса, 83-минутта Дониэлл Мален мергендік танытты. Ол 93-минутта тағы бір мәрте көзге түсті. Енді Нидерланд құрамасы ширек финалда 6 шілдеде Аустрия және Түркия жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.

Енді түнгі сағат 00.00-де Аустрия мен Түркия кездесуі басталады. Ойын Лейпциг қаласындағы «Ред Булл-Арена - Центральштадион» стадионында өтеді.

Сондай-ақ ширек финалда 5 шілдеде Испания мен Германия, Португалия мен Франция, 6 шілдеде Англия мен Швейцария кездеседі.

Соңғы жаңалықтар