EURO-2024: Ширек финалға соңғы жолдамаға Түркия ие болды

EURO-2024: Ширек финалға соңғы жолдамаға Түркия ие болды
Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында 1/8 финал мәресіне жетті. Ширек финалға соңғы жолдамаға Түркия ие болды.

Топтық кезеңде екі құрама да сәтті ойын көрсетті.

D тобында ойнаған Аустрия Францияға 0:1 есебімен жеңілсе, Польшадан 3:1. Нидерландтан 3:2 есебімен басым түсті. F тобында ойнаған Түркия құрамасы Грузияны 3:1, Чехияны 2:1 есебімен тізе бүктірсе, Португалияға 0:3 есебімен есе жіберді.

Бүгінгі кездесу түркиялық футболшылар үшін сәтті басталды. Небәрі 1-минутта олар қарсылас қақпасынан саңылау тауып кетті. Бұл сәтте Мерих Демирал өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Жылдам гол жіберіп алған Аустрия тезірек таразы басын теңестіруге ұмтылған еді. Десе де оған түркиялық футболшылар лайықты қарсылық көрсетті. Қорғаныста сауатты ойнай білді.

Екінші кезеңде аустриялық құрама алғашқы минутта белсенді қимыл көрсетті. Алайда дегеніне жете алмады. Есесіне 59-минутта өз қақпасына тағы бір мәрте гол жіберді. Ал 66-минутта аустриялық Михаэль Грегорич есеп айырмасын қысқартты. Кездесуде Түркия қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, ширек финалға берілген соңғы жолдамаға ие болды.

Енді ширек финалда, 5 шілдеде Испания мен Германия, Португалия мен Франция, 6 шілдеде Англия мен Швейцария, Нидерланд пен Түркия кездеседі.

Еске салсақ, бұдан бұрын Нидерланд құрамасы ширек финалға жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар
telegram