EURO-2024: Ұлттық құрама беделді бәсекеге жақындай түсті

футбол
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Футболдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында жоғары деңгейде ойын көрсетті. Соңғы турға дейін құрлықтық доданың финалдық сатысына тікелей жолдама алуға үміткер болды. Енді қазақстандық футболшылар Ұлттар лигасы плей-офф сатысында тағы бір жолдаманы сарапқа салуға мүмкіндік алып отыр. Kazinform ұлттық құраманың құрлықтық доданың іріктеу сатысындағы ойындары мен Ұлттар лигасы плей-офф сатысындағы мүмкіндігін таразылап көрген еді.

футбол
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Үмітімізді үкілеген үздік ойындар

Кейінгі екі жылда ұлттық құрамамыз Еуропа құрлығында білікті мамандардың жоғары бағасын алды. 2022 жылы Ұлттар лигасының С дивизионда Словакия, Беларусь және Әзербайжан құрамаларын артқа қалдырып, алдағы уақытта В лигасында ойнайды. Сол сәттілік Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында да жалғасты. Өз тобында Дания, Словения, Финляндия. Солтүстік Ирландия, Сан-Мариномен жолыққан ел құрамасы қай-қайсысымен де терезесі тең деңгейде ойын көрсетуге болатынын дәлелдеді. Азулы деген Данияның өзін өз алаңында жеңіп, Финляндия мен Солтүстік Ирландияны тізе бүктірді. Екі кездесуде де Словениямен бірдей деңгейде ойнағанымен сәттілік қарсылас құрама жағына бұрылды.

«Алғашқы кездесуінде Словениямен ойнау біздің құрамаға оңайға соққан жоқ. Өткен Ұлттар лигасындағы жетістігінен кейін Қазақстан құрамасымен көп қарсыласы сақтықпен ойнайтын болды. Оған қоса, жанкүйерлер талабы да күшейді. Рас, аталған кездесуде қазақстандық футболшылар алғашқы болып гол соқты. Соңғы жағында босаңсып қалғандай сезілді. Қазір ұлттық құрамада өз орнын еншілеп үлгерген Рамазан Оразов, Бахтиёр Зайнутдинов секілді жастар келешекте жанкүйер көңілінен шығатын шеберлігін таныта біледі. Оларға қоса Максим Самородов, Руслан Валиуллин жастық пен тәжірибенің толысқан шағында жасыл алаңда жарқылдап көзге түсіп келеді», - дейді спорт комментаторы Азиз Оразбаев.

Шынында, бұрынғы жылдарда ұлттық құраманың сүреңсіз ойыны жанкүйерді мезі етіп жіберетін. Әлем және Еуропа чемпионаты іріктеу сатыларында өз тобында көштің соңында жүруіне көз үйренген болатын. Кейінгі жылдардағы сенімді көрсеткіші жанкүйерлердің қазақстандық футболшыларға деген талабын күшейте түсті.

адиев
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

2022 жылдың 27 сәуірінде ұлттық құрама тізгінін ұстаған Магомед Адиев содан бері 18 ойынға басшылық жасады. Оның ішінде он кездесуде футболшыларды жеңіске жетелеп, біреуінде тең түссе, жетеуінде қарсыласына есе жіберіп қойды. Дегенмен, бұл – жақсы көрсеткіш.

Айта кетсек, ұлттық құрама құрлықтық додада алты мәрте жеңіске жетіп, төртеуінде жеңілді. Осылайша өз тарихында тұңғыш рет іріктеу сатысында ең көп жеңіске жетті. Сондай-ақ, алғаш рет көп гол соғуымен ерекшеленді. Қазақстандық футболшылар іріктеу сатысында қарсыластар қақпашысын 16 мәрте қапы қалдырса, өз қақпасына 12 мәрте гол жіберіп алды.

футбол
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Наурызда жолдама бұйыра ма?

Ел құрамасының 2024 жылы Германия жерінде өтетін құрлықтық дода финалдық сатысына шығуына әлі де мүмкіндігі бар. Ол үшін Ұлттар лигасы плей-офф сатысының жартылай финалында Грекиямен шеберлік байқасады. Бұл қарсыласын жеңген жағдайда Грузия және Люксембург жұбының жеңімпазымен финалда ойнайды. Әрине, олардың әрбірі құрлықтық додада үздік 24 құрама қатарында бақ сынауға бар күшін салатыны анық. Десе де, қазақстандық футболшылар да жеңісті оңайлықпен бере қоймайды деген ойдамыз.

жанкүйер
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Жалпы, бұдан бұрынғы жылдарда сәтсіздіктен көш ашпай келген ұлттық құраманың кейінгі екі жылда түрленіп шыға келгенінің себебі неде? Бұл орайда, қызылордалық «Қайсарда» ойнаған бұрынғы футболшы Алдан Балтаев өз ойын былайша жеткізді.

«Қазақстан футбол федерациясының УЕФА құрамына енгеніне жиырма жылдан астам уақыт өтті. Содан бергі уақытта ұлттық құрама мол тәжірибе жинақтады. Қарсыластардың ығына жығыла берудің реті жоқ екенін ұғынды. Бұл сенімділікті күшейтті. Жалпы, әрбір құраманың осындай өрлейтін кезеңі болады. Қазір Еуропа чемпионаты финалдық сатысына шығуға үміткер құраманың бірі Люксембург кезінде көштің соңында жүретін. Сондай-ақ, ортанқол саналатын Латвияның өзі 2004 жылы құрлықтық додада бақ сынап қайтты. Сондықтан Қазақстан құрамасының мұндай жоғары деңгейдегі турнирге қатысуына зор мүмкіндігі бар деп санаймын», - деді ол.

Расында, біздің құрама үшін алдағы наурыз айында үлкен сынақ тұр. Плей-офф сатысындағы екі ойыннан кейін футболшылар құрлықтық доданың жолдамасына қол жеткізе ала ма? Оны уақытында көреміз.

футбол
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Талантты жастар өсіп келеді

Қазір ұлттық құрама сапындағы бірқатар ойыншы Еуропаның белді клубтарында ойнауға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, жартылай қорғаушы Бахтиёр Зайнутдинов Түркияның «Бешикташ» клубында доп тепсе, қорғаушы Нұралы Әліп Ресейдің «Зенит», Марат Быстров «Ахмат» командаларында тұрақты түрде жасыл алаңға шығып жүр. Ал тағы бір жас жұлдыз Рамазан Оразов Словенияның «Копер» клубының намысын қорғайды. Қай-қайсысы да шеберлігі шыңдалған тәжірибелі футболшылар. Қуантатыны, олардың барлығы 23-25 жастағы жастар болып отыр. Ендеше, қазақстандық құрама алдағы уақытта да Еуропа төрінде талайды таңғалдыратын ойындар өткізетініне сенім артамыз.

футбол
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Соңғы уақытта олардың қатары тағы да толыға бастады. Қостанайдың «Тобылында» ойнап жүрген Ислам Чесноков, Роман Асранкулов, Қарағандының «Шахтерінен» Иван Свиридов, «Ақтөбе» сапынан Максим Самородов, Арман Кеңесов шеберлігімен көзге түсті. Алдағы уақытта мықтылар саны көбейе түсетініне сенім кәміл. Негізінде футболды дамытуда балалар спортын дамытудың маңызы зор. Бұл жайында мәселе жиі қозғалып келеді. Ол үнемі елдің назарында болатын тақырып емес пе? Елімізде бұған байланысты сәл де болса қозғалыс бар. Ендігі кезекте ол өз деңгейінде шешіледі деген ойдамын», - дейді ұлттық құраманың жанкүйері Есенжол Назаров.

Жанкүйер көз тіккен ірі турнирлер әрбір елдегі футболдың даму деңгейін таразылайды. Рас, кейінгі жылдарда елімізде бұл бағытта оң серпін бар. Десе де, әлі қолға алатын жұмыстар баршылық. Бастысы, балалар футболын дамытудың маңызы зор. Бұл бағытта инфрақұрылымды дамытып, жаңадан стадиондар салуға назар аударған артық емес. Ол өз жемісін беретін болады.

футбол
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар