EURO - 2024: Венгриялық Барнабаш Варга ойын барысында ауыр жарақат алды

Футбол
Фото: championat

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатындағы Венгрия мен Шотландия кездесуінде венгриялық Барнабаш Варга қақпашымен соқтығысып, ауыр жарақат алды.

23 маусымда Германияның Штутгарт қаласындағы «Мерседес-Бенц-Арена» стадионында Шотландия мен Венгрия құрамалары кездесті. 

Ойын барысында Барнабаш Варга шотландиялық қақпашы Ангус Ганн және қорғаушы Грант Хэнлимен соқтығысып қалды. Содан кейін өзін жайсыз сезініп, алаңға құлап қалды. Оған дәрігерлер тарапынан дереу көмек көрсетілді. Десе де ол өз-өзіне келе алған жоқ. Сондықтан оны дәрігерлер жедел жәрдем көлігімен алып кетуге мәжбүр болды. 

Айта кетсек, 2020 жылғы Еуропа чемпионатында даниялық Кристиан Эриксен ойын үстінде жүрегі тоқтап, адаң үстіне құлап түскен еді. Сол сәтте дәрігерлер оған алғашқы жәрдем көрсетіп, кейіннен медициналық мекемеге жеткізілді. Ұзақ уақыттан соң ауруынан құлан-таза айығып, үлкен футболға қайта оралды. 

Венгрия футбол федерациясы Барнабаш Варганың денсаулық жағдайы жөнінде баяндады. Олардың айтуынша, қазір футболшы Штутгарт қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. 

Айта кетсек, аталған кездесуде Венгрия құрамасы Шотландиядан 1:0 есебімен басым түсті.

Соңғы жаңалықтар
telegram