Еуро бағамы кейінгі 17 айдағы ең төмен деңгейге түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазан айының басында еуро АҚШ долларына шаққанда 2025 жылдың мамырынан бергі ең төменгі деңгейге түсті. Бұл туралы Kazinform DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

еуро
Фото: pexels

Еуропалық валютаның құнсыздануына инвесторлардың еуроаймақтағы, әсіресе Франциядағы қарыз жағдайына қатысты алаңдауы себеп болды. Бұған қоса әлемнің көптеген елінде мемлекеттік облигациялардың кірістілігі өсіп, мұнай бағасының қымбаттауы қаржы нарығындағы тұрақсыздықты күшейте түсті.

2026 жылдың басым бөлігінде еуро АҚШ долларына шаққанда төмендеді. Жыл басынан бері бірыңғай еуропалық валютаның құны шамамен 5 пайыз түсіп, 5 қазанда бір еуро 1,12 долларға бағаланды. Oxford Economics талдау компаниясының еуроаймақ бойынша бас экономисі Рикарду Амарудың айтуынша, бұған әсер еткен негізгі себептердің бірі — инвесторлардың АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) ақша-несие саясатына қатысты болжамдарының өзгеруі. ФРЖ — АҚШ-тағы орталық банктің қызметін атқаратын мекеме. Мемлекеттік облигациялардың кірістілігі өскен сайын, инвесторлар енді пайыздық мөлшерлеме жоғары болады деп есептейді. Амарудың пікірінше, еуроның соңғы кездегі әлсіреуіне негізінен Франциядағы жағдай әсер еткен. Қаржы нарығына қатысушылар ел бюджетіне төнетін қатердің арта түскенін ескеріп, бұл қауіптің ықпалын еуроның бағамына қоса бастады.

Франциядағы қарыз мәселесі еуроға қысым түсірді

Қыркүйек айының соңында Францияның мемлекеттік облигацияларын жаппай сату күшейіп, елдің мемлекеттік қаржысының ұзақ мерзімді тұрақтылығына қатысты күмән артты. Париждің қарыз алу құнын көрсететін он жылдық француз облигацияларының кірістілігі уақытша 5 пайызға жетіп, кейін сәл төмендеді. Франция көп жылдан бері бюджет тапшылығы мәселесін шеше алмай келеді. Эмманюэль Макрон 2017 жылы билікке келгеннен бері елде мемлекеттік шығындар ұлғайып, ауқымды салықтық жеңілдіктер енгізілді. Мұндай саясат мемлекеттік қарыздың өсуіне әкеліп, Францияның берешегі бір триллион еурродан астам сомаға артты.

Қазір Францияның мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнің 118 пайызына жуықтады. Ел бюджетінің шығыны кірісінен асып, жыл сайынғы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 5 пайызынан асып түскен. Ал Эмманюэль Макрон президенттік қызметіне кіріскен кезде бұл көрсеткіш шамамен 3,4 пайыз болған.

Еуроаймақта экономикалық өсімнің қарқыны төмендеп, энергия тасымалдаушылар бағасының күрт өсуі инвесторлардың Францияның қаржылық жағдайына қайтадан жіті назар аударуына себеп болды. Көптеген инвестор қаражатын сенімдірек деп санайтын активтерге, әсіресе Германияның мемлекеттік облигацияларына салуды жөн көрді. Франция мен Германияның он жылдық облигацияларының кірістілігі арасындағы айырма Еуропа одағындағы қаржылық тұрақтылықтың басты көрсеткіші саналады. Өткен аптада ол 2009-2010 жылдардағы еуроаймақтың қарыз дағдарысынан бергі ең жоғары деңгейге жетті.

ЕОБ араласа ала ма

Еуроға төнген қысым мен Италия сияқты өзге елдердің мемлекеттік облигациялар нарығындағы ширыққан жағдай Еуропа орталық банкін (ЕОБ) араласуға шақырды. Мұндағы мақсат — Францияға қатысты күмәннің дүрбелеңге айналып кетпеуін қамтамасыз ету.

Deutsche Bank стратегі Джим Ридтің айтуынша, неміс және француз облигациялары кірістілігінің арасындағы алшақтық кей сәттерде соншалықты күрт ұлғайып, нарықта «шағын дүрбелеңнің» белгілері байқалған. 

— Қазіргі ахуал еуроаймақта жаңа қарыз дағдарысының басталуын білдіре ме, әлде нарық оқиғаға шектен тыс әсерленіп жатыр ма? Бұл — бүгінгі таңда жауапты қажет ететін ең басты сұрақ, — деді ол.

Амарудың пікірінше, ЕОБ қиын жағдайда қалды. Реттеушінің тым қатаң мәлімдемесі француз облигацияларына түсетін қысымды одан сайын күшейтуі мүмкін, ал дәл осы облигациялар еуроның әлсіреуінің басты себебіне айналды. Сарапшының болжамынша, әзірге Еуропа орталық банкы жағдайды бақылаумен шектеледі.

Еуропаның экономикалық бағыты нарықты алаңдатты 

Екі сарапшы да Еуропадағы саяси және экономикалық белгісіздіктің артып келе жатқанын атап өтті. Кейінгі кезде Франция бірнеше рет саяси дағдарысқа ұшырады, ал жыл сайынғы бюджетті қабылдау үкіметтің тұрақтылығы үшін ауыр сынаққа айналды. Тапшылықты азайту шараларын көздейтін 2027 жылға арналған бюджет қабылданғанымен, әсіре оңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясы 2027 жылғы президент сайлауы қарсаңында мықты орнын сақтап отыр. Партия атынан Марин Ле Пеннің кандидатурасы ұсынылмақ. Оның билікке жету мүмкіндігі Францияның экономикалық бағыты бұрылып кетеді деп сескенген инвесторларды ойландырып отыр.

Германияда «Германия үшін балама» (АдГ) партиясының ықпалы арта түскені қаржы нарығындағы күдікті ушықтыра түсті. Бұл сарапшыларды Еуропа одағындағы ең ірі экономиканың болашақ саяси бағыты қандай болатыны туралы ойға қалдырды. 

Еуропа елдерінде күнделікті тұрмыс шығындарының қымбаттауы да халық наразылығын күшейтіп отыр. Мәселен, Испания парламенті үкіметтің тұрғын үй дағдарысын шешуге арналған ұсыныстарын қабылдамаған соң, премьер-министр Педро Санчес мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. 

Бұған дейін Францияның мемлекеттік қарызы елге қауіп төндіруі мүмкін екенін жазған едік.