Еуроатлантикалық және еуразиялық «аумақ» елдерін біріктіруші факторларды іздестіруде ортақ күш-жігер жұмсау өте маңызды болмақ - Қ.Тоқаев

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтемен жасап.
Қазақстандық делегация басшысы парламентаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге, оның ішінде әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қажетті жаңа мүмкіндіктерді қарастырудың маңыздылығына тоқталып, «еуропалық қауіпсіздік мәселесі» ЕҚЫҰ, Ұжымдық қауіпсіздікшартыұйымы Парламенттік Ассамблеялары мен ТМД Парламентаралық Ассамблеясының күн тәртібіндегі маңызды тармақ болып табылатындығын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ ПА желісі бойынша аталған мәселеге арналған бірнеше шаралар болып өтті.
Биылғы жылдың ақпан айында Вена қаласында өткен ЕҚЫҰ ПА арнайы пікірсайысының, наурыз айында Италия Парламентінің ұйымдастыруымен өткен конференцияның қорытындылары Ресей Президенті Д.Медведевтің Еуропалық қауіпсіздік туралы Келісімге қол қою туралы ұсынысының ЕҚЫҰ парламентшілері тарапынан үлкен түсіністікке ие болып отырғандығын аңғартуда.
«Біз, Қазақстан парламентшілері еуропалық қауіпсіздіктің болашақтағы сәулеті қолданыстағы тетіктерге, институттарға және құқықтық құжаттарға негізделуі тиіс деген түсінікті бөлісеміз. Былайша айтқанда, ұзақ жылдардан бері қалыптасқан оңды бағыттарды теріске шығармай және қол жеткізген табыстарды молайтып, одан әрі алға жылжу қажет», - деді төраға.
Оның пікірінше, еуропалық қауіпсіздіктің болашағына қатысты бірлікке қол жеткізу үшін маусым айының аяғында өткен ЕҚЫҰ қатысушы елдері Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде басталған «Корфу үдерісіі» де өз септігін тигізбек.
ЕҚЫҰ болашақ төрағасы ретінде Қазақстан қауіпсіздіктің жаңа сәулетіне қатысты мәселелерді талқылау үрдісіне белсене қатысуда. Өйткені, бұл мәселеге қатысты пікірсайыстар үстіміздегі жылдың желтоқсан айында қазақстандық төрағалықтың күн тәртібіне өтетін болады.
«Біздің пікірімізше, парламенттік қауымдастық үшін қауіпсіздіктің басқа да өлшемдеріне, оның ішінде гуманитарлық салаға қатысты бастамаларды да жіті назарда ұстау маңызды»,- деп атап өтті Қ.Тоқаев.
ЕҚЫҰ кеңістігіндегі көптеген жанжалдарға этникалық және діни шағын топтардың құқықтарының бұзылуы себеп болып отырғандығы белгілі. Ұлтаралық қатынастар мен дінаралық толеранттылық мәселелері тұтастай алғанда түбегейлі мәнге ие болып, оның шешімдері айрықша, жіті ойластырылған және теңгермелі көзқарасты қажет етеді.
Осы ретте, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін өткізудің қазақстандық тәжірибесін еске салып, төраға үстіміздегі жылдың шілде айының басында Астанада үшінші рет өткізілген аталмыш форумға деген мүдделердің молайып отырғандығын атап өтті.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, қазіргі заман жағдайында қауіпсіздік және ынтымақтастық жүйесін таза еуропалық ретінде қарастыру мүмкін емес. Еуропа мен Азия - жалпы алғанда, көптеген тарихи, экономикалық және мәдени байланыстармен ұштасып жатқан ортақ жағырапиялық және саяси кеңістік.
«Осы тұрғыда, еуроатлантикалық және еуразиялық «аумақ» елдерін біріктіруші факторларды іздестіру жолына ортақ күш-жігерлерін жұмсау барлық мүдделі мемлекеттер үшін өте маңызды болмақ»-, деді төраға.