Еурокомиссия басшысы: Орталық Азия климаттың өзгеруі салдарын көріп жатыр

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Орталық Азияның гүлденуі Еуропа үшін маңызды. Бұл туралы «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумында Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде Орталық Азия елдерінің экономикасы тұрақты негізде өсіп келді. Алайда КВИ пандемиясы баршамызға біршама кедергі келтіргені анық. Біздің ынтымақтастық экономикаларымыздың ілгерілеуін қайта жандандыра алады. Осы бағыттағы қадамдар ұзақ мерзімді перспективада Орталық Азия елдерінің экономикасын қуатты, тұрақты ете алады. Біз Еуропада да осы бағытта ұмтылыс жасап келеміз. Осы орайда экономикамызды өзгерту үшін қалпына келтіру жоспарымызға қомақты қаражатты салып жатырмыз. Сонымен қатар, таза энергетикаға көшуді жылдамдатып келеміз. Цифрлық инфрақұрылымға мамандар мен компанияларды көптеп жұмылдырып жатырмыз», - деді Урсула фон дер Ляйен.

Ол бүгінгі форумда экологиялық қалпына келтіру, цифрландыру, қолайлы іскерлік климат секілді үш негізгі пунктіге екпін қойылып отырғанын еске салды.

«Осы салаларда Орталық Азиядағы елдерге тығыз ынтымақтастықты ұсынып отырмыз. Бұл бағыттағы мәселелерді шешуге баршамыз мүдделіміз. Климаттың өзгеруі Орталық Азияға өз ықпалын тигізіп жатыр. Биыл болған құрғақшылық егіс алқаптарына, жануарларға залал келтіріп, су қоймаларын құрғатты. Дегенмен Орталық Азия жаңартылған энергия көздерінің осыған дейін пайдаланылмай келген елеулі әлеуетіне ие. Инвестициялар дұрыс бағытта жүргізілсе, онда осы өңірдің көмір мен өзге де отын түрлеріне деген тәуелділігі төмендей түседі. Осы орайда жоғары сапалы жұмыс орындары құрылып, ауаны тазартуға жол ашылады», - деді ол.

Бұл ретте ол ЕО мен Орталық Азия өңірін бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

«Орталық Азияның гүлденуі Еуропа үшін маңызды. Біздің серіктестік өңір халықтары үшін шын мәнінде маңызға ие бола алады», - деді Урсула фон дер Ляйен.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Бішкекте Премьер-Министрлер деңгейінде «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы басталды .

Бүгін Бішкекте ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин Еуропалық комиссияның вице-президенті Валдис Домбровскиспен кездесті .



Соңғы жаңалықтар