Еурокомиссия КВИ вакциналарын сатып алуға қатысты деректерді жариялаудан бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM — Еуроодақ билігі Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен Pfizer компаниясының бас директоры Альберт Бурла арасындағы COVID-19 вакцинасын сатып алуға байланысты хат-хабарларды журналистерге ұсынудан тағы да бас тартты, деп DW.

вакцина, лекарства, врачи, медицина
Фото: freepik.com

Аталған жазбаларды жариялау туралы сауалды америкалық The New York Times газеті жолдаған. Алайда Еуропалық комиссия 2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың 11 мамырына дейінгі хат алмасулардың сақталмағанын мәлімдеді.

— 2021 жылдың басында Еуроодақ Pfizer компаниясынан 1,8 миллиард дозаға дейін коронавирус вакцинасын сатып алу туралы келісімге келгенде, бұл келісімнің қалай жүзеге асқанына үлкен қызығушылық туды, — деп түсіндіреді басылым өз сауалының себебін.

Кейінірек фон дер Ляйен мен фармацевтикалық компания басшысы арасындағы келіссөздер мессенджер арқылы жіберілген мәтіндік хабарламалар арқылы жүргізілгені белгілі болды.

Еурокомиссия Pfizer басшылығымен COVID-19 вакциналарын жеткізуге байланысты хат алмасулар бойынша жүргізілген сот ісінде жеңіліске ұшырады. 2025 жылдың 14 мамырында Еуропалық Одақтың соты The New York Times газетінің Брюссельдің тиісті SMS-хабарламаларды жариялаудан бас тартуына қатысты талабын қанағаттандырды.

«Пфайзергейт» деп аталған іске қатысты шешім шығара отырып, Люксембург соты Еуроодақтың құжаттарға қол жеткізу тәртібіне сілтеме жасады, оған сәйкес барлық еуропалық институттардың құжаттары жұртшылық үшін қолжетімді болуы тиіс. Сондай-ақ, сот Еурокомиссияның неге қажетті құжаттарды таба алмағанын және неге COVID-19 вакциналарын сатып алуға қатысты хат алмасу маңызды ақпараттан тұрмайды деп есептегенін сенімді түрде түсіндіре алмағанын атап өтті.

2021 жылдың көктемінде жалғасып жатқан пандемия аясында Еурокомиссия Pfizer және оның неміс серіктесі BioNTech компанияларымен шамамен 39 миллиард доллар сомасына 1,8 миллиард доза Comirnaty вакцинасын жеткізу жөнінде келісімшартқа отырды. Бұл келісімнің көптеген тармағы құпия сақталып, процеске қатысты ашықтықтың болмауы туралы сынға ұшырады.

2025 жылғы 10 шілдеде Еуропалық парламент Еурокомиссия төрағасы мен оның құрамындағы 26 комиссарға сенім білдіру туралы дауыс берді. Дауыс беру барысында 553 депутаттың 360-ы фон дер Ляйенге қолдау білдірсе, 175-і қарсы дауыс беріп, тағы 18 депутат қалыс қалды. Еурокомиссия басшысына бағытталған сын мен сенімсіздік туралы бастамалар пандемия кезінде Pfizer басшысымен болған хат алмасу төңірегіндегі дауға байланысты туындады.

Осыған дейін Еурокомиссия президенті ЕО-ның 2 трлн еуро көлеміндегі стратегиялық бюджетін ұсынды.

Соңғы жаңалықтар