Еурокомиссия президенті АҚШ енгізген баж салығына қатысты жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM — Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен АҚШ президенті Дональд Трамптың ЕО-дан экспортқа 30 пайыздық баж салығын енгізу туралы мәлімдемесіне жауап берді, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Урсула фон дер Ляйен
Фото: primeminister.kz

 — Біз АҚШ президенті Дональд Трамп жіберген хатты назарға алдық. Онда қайта қаралған тариф мөлшері мен жаңа мерзімдер баяндалған. ЕО-дан экспортқа 30 пайыздық баж салығын енгізу негізгі трансатлантикалық жеткізу тізбектерін бұзып, Атлант мұхитының екі жағындағы кәсіпорындарға, тұтынушылар мен науқастарға зиян келтірер еді. Әлемде Еуропалық одақтың ашықтық деңгейі мен әділ сауда қағидаттарына адалдығына тең келетін экономика аз, — деді Еурокомиссия президенті. 

Урсула фон дер Ляйен ЕО әрдайым бұл мәселені АҚШ-пен келіссөздер арқылы шешуге басымдық беретінін, бұл диалогқа, тұрақтылыққа және сындарлы трансатлантикалық әріптестікке бейілділікті көрсететінін айтты.

— Біз 1 тамызға дейін келісімге келу үшін жұмысты жалғастыруға дайынбыз. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда ЕО мүдделерін қорғау үшін, соның ішінде теңдей қарсы шаралар қабылдауды қоса алғанда, барлық қажетті әрекеттерді қабылдаймыз, — делінген У. Ляйен мәлімдемесінде.

Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп 1 тамыздан бастап ЕО мен Мексика елдерінен импортқа 30 пайыздық баж салығы енгізілетінін мәлімдеген болатын.

Ол бұл тариф «бізде ЕО-мен қалыптасқан сауда тапшылығын жоюға жетпейді» деп атап өтті және еуропалық компаниялар АҚШ-та өндіріс ашатын болса, онда олар бұл салықты төлемейтінін қосты.

Сонымен қатар, Дональд Трамп Бразилияға қарсы 50 пайыздық тариф енгізіп отыр.

Соңғы жаңалықтар