Еурокубок: Асылхан Асан фристайл-акробатикадан алтын медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы фристайл-акробатикадан Швейцарияның Айроло қаласында өтіп жатқан Еуропа кубогының кезеңінде алтын медаль еншіледі, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.

Асылхан Асан
Фото: ҰОК

— Елімізге жүлдені Асылхан Асан әкелді. Қазақстандық спортшы ерлер арасындағы жекелей жарыста жеңімпаз атанды. Ол төрешілердің шешімімен 99.84 ұпай жинап, жарыста жеңіске жетті, — делінген хабарламада.

Екінші орынды Роман Бондарчук (Украина) иеленді — 99.45 ұпай.

Үздік үштікті Эллиот Примо (Канада) түйіндеді — 93.76 ұпай.

Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстанда қысқы спорт түрлерінен фристайл-могул және фристайл-акробатиканың дамуы қарқын алып келеді. Оған басты дәдел ретінде спортшыларымыздың Әлем кубогы және қысқы Азия ойындары сияқты халықаралық ірі додаларда жеңіс тұғырынан көрінуін айтуға болады. Осыған орай, Kazinform тілшісі осы спорт түрінің еліміздегі өткені мен болашағы туралы талдап көрген еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум