Еуроодақ Израильді Рафахтағы әскери операцияны дереу тоқтатуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық сыртқы әрекет қызметі Газадағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы eeas.europa.eu жазды.
Онда Еуроодақ Израильді Рафахтағы әскери операцияны дереу тоқтатуға шақырған.
«Бұл операция Газа секторындағы гуманитарлық көмектің таралуына одан әрі нұқсан келтіреді және ішкі босқындардың көбеюіне, аштық пен адамдардың қайғы-қасіретінің артуына әкеледі», - деді Еуропалық сыртқы әрекет қызметі.
Еуроодақтың бағалауынша, миллионнан астам бейбіт тұрғын Рафах пен оның төңірегін паналауда және оларды БҰҰ қауіпсіз деп санайтын аймаққа эвакуациялауға бұйрық берілді.
«ЕО Израильдің өзін-өзі қорғау құқығын мойындағанымен, Израиль мұны халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес жасап, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Еуропалық Одақ Израильді Газа секторындағы онсыз да ауыр гуманитарлық жағдайды одан әрі ушықтырудан бас тартуға және Рафах өткелін қайта ашуға шақырады. Егер Израиль Рафахтағы әскери операциясын жалғастырса, бұл сөзсіз ЕО-ның Израильмен қарым-қатынасында елеулі шиеленіс тудырады, - деп атап өтті ЕО дипломатиялық қызметі.
Еуропалық Одақ сондай-ақ ХАМАС-тың Керем-Шалом өткеліне жасаған шабуылын айыптайды. Олардың айтуынша, бұл операция гуманитарлық көмекті жеткізуді одан әрі қиындатқан.