Еуроодақ Ливандағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық Сыртқы іс-қимыл қызметі Ливанда Израильдің шабуылына қатысты бөлек мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.
ЕО Израильдің Ливандағы әрекеттерінің ұзаққа созылған қақтығыс тудыруы мүмкін жойқын гуманитарлық салдарын атап өтті.
— Израиль Ливандағы операцияларын тоқтатуы керек. Ливандағы гуманитарлық жағдай онсыз да ауыр: Ливан халқының шамамен 25%-ын құрайтын 1 млн-нан астам адам жаппай қоныс аударуын жалғастырып отыр, — делінген мәлімдемеде.
Еуропалық Одақ өкілдерінің айтуынша, бейбіт тұрғындар да қатты зардап шегіп отыр: Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, қаза тапқандар саны шамамен 900 адамға жеткен, оның ішінде 100-ден астамы – балалар.
— Біз «Хезболланың» Ливанды осы соғысқа тарту шешімін, оны қаруын тапсырудан бас тартуын және Израильге қарсы үздіксіз шабуылдарын айыптаймыз, — делінген ЕО дипломатиялық органының мәлімдемесінде.
Бұдан басқа, Брюссель бейбіт тұрғындар, инфрақұрылым, медициналық қызметкерлер және денсаулық сақтау нысандарына, сондай-ақ БҰҰ Ливандағы Уақытша күштеріне жасалған шабуылдарды негізсіз деп санайды.
— Ливан мен Израильдің тікелей келіссөз бастауы маңызды. Біз барлық тарапты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 1701-қарарын толық орындауға және Ливан үкіметінің «Хезболланы» қарусыздандыру және оның әскери қызметін тоқтату жөніндегі күш-жігерін қолдауға шақырамыз, — деп санайды ЕО.
Осыған дейін Франция президенті Макрон Иран президенті Пезешкианды Таяу Шығыс елдеріне шабуылды тоқтатуға шақырғанын жаздық.