Еуроодақ пен Канада қатынастарын нығайтады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Брюссель қаласына Канада премьер-министрі Марк Карни ресми сапармен келді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Канаданың жаңа премьер-министрі сейсенбі күні Нидерландының Гаага қаласында өтетін НАТО саммитіне қатыспас бұрын, Еуроодақ пен Канада қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы ірі әріптестік туралы келісімге қол қояды деп күтіліп отыр.
Ортақ келісімде Канада мен Еуроодақтың әртүрлі бағыттардағы ынтымақтастығы қарастырылған, соның ішінде Украинаға қолдау көрсету, дағдарыс жағдайларын басқару, теңіз қауіпсіздігі, киберқауіпсіздік, шетелдік ақпараттық манипуляцияға, терроризмге қарсы күрес, қару-жарақты бақылау, таратпау және қарулануды қысқарту, сондай-ақ ғарыш бағдарламалары бар.
— Бұл — біз үшінші елге ұсына алатын ең кең көлемді келісім, — деп мәлімдеді Еуропалық комиссия.
Сонымен қатар еуропалық БАҚ-та Канада премьер-министрінің Брюссельге сапары АҚШ президенті Д. Трамптан бұрын жасалып жатқанын жазады. Екінші президенттік мерзімінде Дональд Трамп әлі ресми түрде Брюссельге бармаған.
Бұған дейін хабарланғандай, Канада Федералды Үкіметі 21 шілдеден бастап АҚШ-тан әкелінетін болат пен алюминий өнімдеріне қарсы енгізілген тарифтерді кең ауқымды сауда келіссөздерінің барысына сәйкес қайта қарастырады.