Еуроодақ Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты Кипрдегі кездесулерін кейінге қалдырды
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық одақтың Кипрдегі төрағалығы наурыз айында аралда өткізілуі жоспарланған барлық ЕО кездесулерін кейінге қалдыру немесе онлайн форматқа ауыстыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.
Бұл шешім Таяу Шығыста жалғасып жатқан дағдарыс аясында қабылданды. Осы жылдың бірінші жартысында Кипр Еуропалық кеңеске төрағалық етеді. Бұл туралы екі кипрлік шенеунікке сілтеме жасап, еуропалық POLITICO басылымы хабарлады.
Олардың айтуынша, бұл шаралар іс-шараларға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған. Кипрде тікелей форматта өтуі тиіс болған кездесулер не кейінге шегеріледі, не онлайн форматта өткізіледі.
Айта кетейік, Жерорта теңізінің шығыс бөлігінде орналасқан Кипр Таяу Шығыс аймағына жақын орналасқан. Қазіргі уақытта бұл өңірде жағдай шиеленісті күйінде қалып отыр. Қандай нақты кездесулердің кейінге шегерілгені және олардың жаңа мерзімдері әзірге нақтыланбаған.
Бұған дейін Еуроодақ және Парсы шығанағы елдері Иранның шабуылдарын айыптап, шиеленісті азайтуға шақырды.