Еуроодақ Трамптың Газа бойынша жоспарына қолдау білдіруге дайын
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған Газадағы атысты тоқтату жоспарын құптап, Еуропалық одақтың бұл бастамаға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолы.

Бұл туралы ол AҚШ-тың X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Брюссельде Трамптың «Газадағы соғысты тоқтатуға бағытталған бастамасын» оң қабылдағанын атап өткен фон дер Ляйен, барлық тарапты осы мүмкіндікті пайдалануға шақырды.
— Қақтығыс Газадағы тұрғындарға шұғыл гуманитарлық көмек көрсету және тұтқындарды дереу босату арқылы аяқталуы тиіс. Екі мемлекет негізінде шешім қабылдау — Таяу Шығыста әділетті әрі тұрақты бейбіт өмірге жетудің жалғыз жолы. Бұл — израильдіктер мен палестиналықтар бейбітшілік пен қауіпсіздік жағдайында, зорлық-зомбылықсыз өмір сүре алатын болашақ, — деп жазды ол.
«Шешуші сәт»
Еуропарламент төрайымы Роберта Метсола бұл жоспардың Израильге қауіпсіздік, палестиналықтарға заңды өзін-өзі басқару құқығы мен мемлекеттілікке ұмтылу мүмкіндігін, ал бүкіл аймаққа — үміт бере алатынын айтты.
— Қазір — шешуші сәт. Біз осы мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек, — деді ол.
«Үздік мүмкіндік»
ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас бұл жоспарды соғысты тоқтатудың ең жақсы мүмкіндігі деп атады және ЕО-ның оны жүзеге асыруға дайын екенін растады.
— Израиль бұл жоспарға қол қойды. ХАМАС оны дереу қабылдап, алдымен тұтқындарды босатуы керек, — деді Каллас.
Трамптың Газа бойынша жоспары
Бұған дейін Ақ үй «Газадағы қақтығысты тоқтатуға арналған кешенді жоспарды» жариялады. Жоспар 20 тармақтан тұрады.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұл құжатты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен бірге өткен баспасөз мәслихатында таныстырды. Трамптың айтуынша, егер тараптар бұл жоспарды қабылдаса:
-
соғыс бірден тоқтатылады,
-
Израиль әскерін Газа секторынан кезең-кезеңімен шығарады,
-
ХАМАС-сыз жаңа саяси үдеріс басталады,
-
барлық тұтқын босатылады.
Нетаньяху өз кезегінде бұл бастаманы қолдап, жоспар «соғыс мақсаттарына толық сәйкес келеді» деп мәлімдеді.
Еуроодақ тарапынан алғашқы реакциялардың бірі Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштадан келіп түсті. Ол да Трамптың бастамасын құптап, тараптарды берілген мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстан АҚШ Президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға арналған жан-жақты бітімгерлік жоспарын қолдайтынын жеткізді.