Еуроодақ Түркия азаматтары үшін Шенген визаларын рәсімдеуді жеңілдетті

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық Одақ Түркия азаматтары үшін Шенген визаларын алу ережелерін жеңілдетті. Бұл туралы жұма күні Түркиядағы ЕО елшісі Томас Ханс Оссовски мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

В ЕС согласовали отмену штампов на границах Шенгена
Фото: freepik

Reuters агенттігінің мәліметінше, Анкарадағы еуропалық дипломат Түркия азаматтары үшін визасыз режим туралы келіссөздерді қайта бастауға шақырды.

Көп жылдан бері Түркия азаматтары Еуропалық Одақтың виза жүйесіне шағымданып келген. Еуроодақ өз кезегінде аккредиттелген виза агенттіктері өңдейтін өтініштердің тым көптігіне байланысты процестердің баяу жүріп жатқанын айтып, Анкарамен бұл мәселені шешудің мүмкін жолдарын талқылап жатқанын жеткізді.

ЕО елшісі Томас Ханс Оссовски жаңа ережелер Түркия азаматтарының бюрократиялық рәсімдерге қатысты шағымдарын азайтуға көмектеседі дегенмен, бұл толық шешім емес екенін ескертті.

— Бұл Түркия азаматтары үшін әлдеқайда оңай әрі жылдам болады, — деді Оссовски Анкарада журналистерге.

Оның айтуынша, бұл 15 шілдеден бастап күшіне енген Еуропалық комиссияның жаңа шешімімен байланысты. Жаңа ереже Түркия азаматтары үшін көп мәртелі визаларды алуды жеңілдетеді.

Мәселен, бұған дейін Шенген визасын дұрыс рәсімдеген Түркия азаматтары екінші өтініш беру кезінде алты айлық виза, одан кейін бір жылдық, үш жылдық және бес жылдық көп мәртелі визалар ала алады.

Түркия Сыртқы істер министрлігі бұл қадамды құптап, Түркия институттары мен Еурокомиссия визалық режимді одан әрі жеңілдету үшін жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.

Түркияның сауда министрі Өмер Болат бұл шараны «азаматтар ұзақ күткен жеңілдік» деп бағалады.

Ө.Болат мемлекеттік Anadolu агенттігіне берген сұхбатында Түркия ЕО-мен Кеден одағын жаңарту жөнінде келіссөздерді бастағысы келетінін және бұл келісімді қызмет көрсету мен электронды сауда салаларына дейін кеңейтуді көздейтінін айтты.

Түркия 1999 жылдан бері ЕО-ға мүше болуға кандидат ел саналады. Алайда әртүрлі себептерге, соның ішінде адам құқықтары мен демократиялық нормалардан ауытқуға байланысты бұл үдеріс ұзақ жылдарға тоқтап қалған. Соңғы уақытта екіжақты өзара әрекеттестік пен экономикалық ынтымақтастықтың жандану белгілері байқалып жатыр.

ЕО елшісі Оссовски Еуроодақ он жылдан астам уақыт бойы Түркияға визасыз режимді талқылауды ұсынып келе жатқанын айтып, визалық режимді жеңілдету процесіне қайта оралу қажеттігін атап өтті.

— Визасыз режим Түркиядан басқа ЕО-ға кандидат елдердің барлығымен бар. Бұл мәселені талқылауды шұғыл қайта бастау қажет, — деді ол.

Еурокомиссия жаздан кейін ресми келіссөздерді қайта жандандыруға дайын екенін және визалық режимді жеңілдету жөніндегі жол картасында көрсетілген қалған алты критерий бойынша Анкарамен тығыз жұмыс істеуге әзір екенін мәлімдеді.

— Біз дайынбыз, Еуропалық комиссия Түркия билігімен тығыз ынтымақтастыққа дайын, — деді елші.

Бұған дейін Түркияның Ақпарат және коммуникация технологиялары басқармасы сегіз халықаралық eSIM қызметіне қолжетімділікті бұғаттағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар