Еуроодақ және Парсы шығанағы елдері Иранның шабуылдарын айыптап, шиеленісті азайтуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық Одақ пен Парсы шығанағы ынтымақтастығы кеңесіне мүше елдердің Сыртқы істер министрлері шұғыл жиында Иранның соққыларын қатаң айыптап, Тегеранды шабуылдарды дереу тоқтатуға шақырды.
Отырысқа Бахрейн Сыртқы істер министрі Абдуллатиф бин Рашид әл Заяни бастаған Парсы шығанағы ынтымақтастығы кеңесіне мүше елдердің Сыртқы істер министрлері қатысты. Еуропалық Одақ делегациясын Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас басқарды.
GCC Бас хатшысы Джасем Мохамед Альбудаиви кездесудің аймақ үшін маңызды сәтте өтіп жатқанын мәлімдеді.
— Бүгінде дағдарыстар тоғысып, оқиғалар қарқынды түрде дамып жатыр. Бұл халықаралық қауымдастықтың халықаралық тәртіп қағидаттарына қаншалықты берік екенін сынауда, — деді ол.
Оның айтуынша, GCC елдері ондаған жылдар бойы аймақтың тұрақтылығында маңызды рөл атқарып келеді. Сондай-ақ әлемдік экономикада сенімді серіктесі атанған.
— Алайда олар агрессияның нысанасына, жанама қақтығыстардың алаңына немесе алдау мен арамдық құрбанына айналуға келіспейді, — деп баса айтты ол.
Бас хатшы Иранның зымырандары мен ұшқышсыз ұшақтары өмірлік маңызды азаматтық инфрақұрылымды нысанаға алғанын атап өтті.
— Бұл халықаралық гуманитарлық құқықты өрескел бұзу, тіпті дипломатиялық миссиялардың қол сұғылмауына әсер етеді, бұл Дипломатиялық қарым-қатынастар туралы Вена конвенциясының айқын бұзылуы, — деді Альбудаиви.
Ол мұндай әрекеттердің халықаралық құқыққа қайшы екенін баса айтты.
— GCC мемлекеттері халықаралық құқық пен жаһандық тәртіп қағидаттарына толықтай адал бола отырып, өзін-өзі қорғауда ажырамас құқықтарын сақтайды, — деді ол.
Бас хатшы Ормуз бұғазының жабылуы және сауда кемелеріне жасалған шабуылдар жаһандық сауда мен энергетикалық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін айтты.
Сондай-ақ министрлер Иранды ядролық және баллистикалық зымырандық бағдарламаларын шектеуге, аймақтағы тұрақсыздықты тудыратын әрекеттерді тоқтатуға шақырды және шиеленісті азайту үшін дипломатиялық күш-жігерді қолдайтындығын растады. Тараптар теңіз жолдарының, соның ішінде Ормуз және Баб-эль-Мандеб бұғаздарының қауіпсіздігін, сондай-ақ жаһандық энергетикалық нарықтар мен жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
GCC — алты араб мемлекетін біріктіретін аймақтық үкіметаралық ұйым: Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Оман, Катар және Бахрейн. Ұйым елдер арасындағы саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салалардағы ынтымақтастықты реттейді.
Естеріңізге сала кетейік, 28 ақпанда Израиль АҚШ-тың қолдауымен Иранға қарсы әскери операциясын бастап, Таяу Шығыстағы қақтығыстың жаңа кезеңін ашты.