Еуроодақпен серіктестік қарым-қатынастарды дамыту Қазақстанның стратегиялық сыртқы саяси басымдығы болып табылады - Қазақстанның Бельгиядағы, Люксембургтағы елшісі, Қазақстанның Еуроодақ және НАТО жанындағы миссиясының басшысы Е.Өтембаев

БРЮССЕЛЬ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші және әлем таныған орталықазиялық көшбасшы ел ретінде Қазақстан үшін Еуроодақпен қарым-қатынасты дамыту сыртқы саяси қызметтегі негізгі бағыт болып табылады. Қазақстанның Бельгиядағы, Люксембургтағы елшісі, Қазақстанның Еуроодақ және НАТО жанындағы миссиясының басшысы Ерік Өтембаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанның Еуроодақпен арадағы байланысы және оны
None
None

дамытудың перспективасы туралы, сондай-ақ экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық, мәдени және білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуеті туралы әңгімелеп берді.

- Елші мырза, Қазақстанның Еуропалық Одақпен саяси қарым-қатынасының ағымдағы жағдайы мен даму перспективасы туралы бірер сөз айтып өтсеңіз?

- Ең алдымен мына жайтты еске салып өткім келеді: қазіргі таңда екі маңызды саяси құжат - «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Еуроодақтың Орталық Азияға қатысты стратегиясы жүзеге асырылып жатыр және осы құжаттардың арқасында біз терең тамырлы әріптестіктің негізін қалап, экономикалық, саяси және гуманитарлық салаларда перспективалық жобаларды жүзеге асыра бастадық.

Бүгінде біз Қазақстан мен Еуроодақтың арасындағы қарым-қатынасты дамытудың барлық қажетті алғышарттарына иеміз. Түрлі деңгейдегі Брюссельмен арадағы қарым-қатынастың сындарлығы мен тұрақтылығын Астана тараптардың өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген өзара мүдделіліктерінің көрінісі ретінде қарастыруда. Еуроодақпен арадағы әріптестік қарым-қатынастар біздің еліміз үшін стратегиялық сыртқы саяси басымдық болып табылады. Соңғы 1,5 жылда Еуропаның Франция, Италия, Испания және Германия сияқты жетекші елдерімен стратегиялық серіктестік туралы шарттар мен келісімдер жасалды. Қазақстан мен Еуроодақтың арасындағы парламентаралық ынтымақтастық даму үстінде.

Сондай-ақ біздің ынтымақтастығымыздың күн тәртібінде энергетикалық және көлік диалогын күшейту, қоршаған ортаны қорғау, нарықтардың ашықтығын және инвестициялық ынтымақтастықты қамтамасыз ету, заң әділдігі мен адам құқықтарын қорғау, лаңкестікпен, ұйымдасқан қылмыспен, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымымен күрес сияқты өзара мүдделі мәселелер тұр. Екіжақты ынтымақтастықты жаңа сапалық деңгейге көтерудің Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ілгерілеген әріптестік туралы жаңа базалық келісімнің жасалуына қолдау бола алатынын айта кету керек.

- Қазақстан мен еуропалық институттардың арасында саяси диалог бүгінгідей белсенді дамып отырған жағдайда экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық, мәдени және білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін қандай істер атқарылып жатыр, сол туралы айта кетсеңіз?

- Еуроодақ соңғы төрт жыл бойы Қазақстанның сауда және инвестициялық серіктестерінің арасында Ресей мен Қытайдан озып, бірінші орында келеді. Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымының 40 пайыздан астамы Еуроодақтың үлесіне тиесілі. Еуроодақтың Қазақстанмен арадағы сауда айналымы, Орталық Азия мен Закавказ өңірінің қалған жеті мемлекетімен арадағы жалпы сауда көрсеткішінен асып түседі. 2009 жылы Қазақстан мен Еуроодақтың арасындағы тауар айналымы 29 миллиард дерлік АҚШ долларын құрады, бұл 2002 жылғы көрсеткіштен - 9 есеге, ал 2005 жылғы көрсеткіштен - екі есеге артық. Әлемдік экономикада байқала бастаған тұрақтану үдерісі мен аймақтағы сыртқы сауда-саттықтың даму көрсеткіші ағымдағы жылы Қазақстан мен Еуроодақтың өзара сауда-саттығының өсімі 25 пайыз деңгейінде болады деген болжам жасауға мүмкіндік береді.

Оған қоса, Қазақстан экономикасында қордаланған шетелдік капиталдың 1/3 бөлігінен астамы Еуроодақ елдерінің инвестициялары. Еуроодақ елдері біздің елімізге ұзақмерзімдік стратегиялық мүдделілік білдіріп отыр. Еуродақтың көптеген елдерінде Қазақстан бүгінде перспективалық әлеуетті инвестор ретінде қарастырылады. 1993 жылдан бастап 2009 жылдың қыркүйек айына дейінгі аралықта Қазақстан экономикасына 102,9 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған, және ондағы Еуроодақ елдерінің үлесі 50 пайыз шамасында. Негізгі инвесторлар Нидерланды, Франция, Ұлыбритания және Италия. Ал Еуроодаққа мүше мемлекеттердің экономикасына салынған қазақстандық инвестицияның көлемі 1994 жылдан бастап 2009 жылдың шілде айына дейінгі аралықта 10 миллиард АҚШ долларын шамалаған. Еуроодақтың ірі қаржы институты саналатын Еуропалық инвестициялық банкпен (жарғылық капиталы 164 миллиардтан астам еуроны құрайды) арадағы өзара қарым-қатынас екіжақты инвестициялық ынтымақтастыққа қосылған тағы бір үлес болмақ.

Жақын арада аталмыш еуропалық банктің Қазақстандағы қызметін үйлестіретін, сөйтіп Қазақстанның еуропалық бағыттағы инвестициялық саясатын дамытуға мүмкіндік беретін екіжақты келісімге қол қойылады. Оған қоса, бұл шара Еуроодақтың тиісті мандаты аясында Еуропалық инвестициялық банктің орталықазиялық аймақтағы қызметіне бөлінген 1 миллиард еуродай банк инвестициясын тартуға мүмкіндік береді, біз мандаттан да тыс банк инвестицияларына мүдделіміз. ҚР Мемлекеттік хатшысы- сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың ағымдағы жылдың қаңтар айында Брюссельде Еуропалық инвестициялық банктің президенті Ф.Майштадпен болған кездесуі барысында, еуропалық тарап банктің Қазақстанға өз кепілдемесі бойынша шамамен 3-4 миллиард еуро инвестициялауға дайын екенін білдірген болатын. Қазіргі таңдағы қаржыландыратын жобалар энергетикалық және көлік инфрақұрылымдарын, экология саласын қамтиды. Дегенмен, келешекте банктің басқа да салалардағы инвестициялық мүмкіндіктері аясын кеңейту жоспарланып отыр.

Тағы бір перспективалық бағыт - акциялар пакетінің 62 пайызына Еуропалық инвестициялық банк иелік ететін Еуропалық инвестициялық қормен серіктестік орнату. Жақында Люксембургта Еуропалық инвестициялық қордың президенті Р.Пэллимен болған кездесудің аясында, біз екіжақты ынтымақтастықтың бірнеше басымдықты бағыттарын белгіледік.

Ал білім және ғылыми технология саласындағы ынтымақтастыққа келетін болсақ, ағымдағы жылдың наурыз айында Будапешт қаласында Болон министрлік форумының мәжілісі өтті. Болон декларациясына қол қойған 46 ел сол мәжілістің барысында Қазақстанның Болон процесіне қосылуы туралы шешімін бірауыздан қолдады. Осылайша біздің еліміз Еуропалық жоғары білім аумағына кірген 47-ші ел атанып отыр. Қазақстан - еуропалық білім кеңістігінің толыққанды мүшесі ретінде танылған алғашқыорталықазиялық мемлекет екенін де айта кету керек. Бұл, сөзсіз, отандық жоғары мектепті халықаралық деңгейге шығаруда аса маңызды мәселе.

Соңғы жаңалықтар