Еуроодақтағы 10 жыл: Польша ұтты ма, ұтылды ма?

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2004 жылы мамырдың 1 күні Польша елі Орталық Еуропа және Оңтүстік Еуропаның Чехия, Венгрия, Словакия, Словения, Литва, Эстония, Латвия, Кипр және Мальта секілді 9 елімен бірге Еуропа Одағына мүше болып қабылданған еді.
None
None

Польшаның бұрынғы социализм дәуірін бірге бастан кешкен Чехия, Словакия және Венгрия секілді елдерімен бірге топ бастап Еуропа Одағына мүше болып қабылданғанынан бері міне аттай 10 жылдың жүзі болыпты.

Осы даталы оқиғаға орай биылғы жылдың ақпан айының 6-8 күндері Познань қаласындағы Адам Мискиевич университеті Слубице қаласында «Еуропа Одағы және Польшаға - 10 жыл» атты халықаралық конференцияны ұйымдастырған болатын. Конференцияға Еуропа елдерінен және сондай-ақ Ресей, Қазақстан, Украинадан белгілі саясаткерлер мен зерттеуші-ғалымдар қатысқан еді. Кон­ференцияның құрметті қонағы, Еуропа Одағын кеңейту мәселесі бойынша арнайы өкіл болып ұзақ жылдары қызмет істеген германиялық саясаткер Гюнтер Верхойген мырзаның айтуынша, оу басында Польша бастаған «шығыс елдерін» Еуропа Одағына мүшелікке ілестіру мәселесі өте даулы мәселенің бірі болыпты. Еуропа Одағына мүше бірқатар мемлекеттер «шығыс елдерін» қабылдауды қоя тұру керектігін айтып, бұл мәселені тағы біраз жылға кешіктіру дұрыс деген пікірлерін алға тартыпты. « Енді міне 10 жыл өткен соң барып біз қабылдаған шешіміміздің дұрыстығына көз жеткізіп отырмыз» деді ол ризашылық сезімімен. Бүгінгі күні Польша елі Еуропа Одағына мүше 28 мемлекеттің арасында жер көлемі (312679 км2), халқының саны (38,5 миллион) жағынан ірі алты мемлекеттің бірі, Орталық-Шығыс Еуропадағы ең үлкен ел болып саналады. Сондықтан Еуропа Одағына мүше елдер арасында Польшаның үні соңғы жылдары қаттырақ естіліп, Польша туралы көбірек айтылып, жазылатын болды. Саясаткерлер және экономист мамандар мұны Польша экономикасының соңғы жылдары тым жедел қарқынмен өсіп бара жатқандығына тікелей байланысты деген пікір айтады. 2013 жылдың жағдайымен Польшаның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 513.9 млрд АҚШ долларын құрады. Яғни бір адамға шаққанда 13334 АҚШ доллары болды. Еуропа Одағына мүше Греция, Испания, Португалия секілді көптеген елдер 2008 жылғы қаржы дағдарысының салдарынан әлі күнге дейін шыға алмай жатқаны белгілі. Олар әлсін-әлсін Брюссельге қолдарын созып, елдегі экономикалық қиындықтан шығаруға көмектесуін сұрап жатқан осы кезде, экономист мамандар Еуропада жалғыз ғана ел - Польшаның экономикасы соңғы жылдары қарқынды дамумен өсіп жатқанын яғни экономикалық көрсеткіштері жағынан Еуропа Одағы елдері арасында алға шыққанын алға тартады. Еуропа Одағының Германия, Франция секілді дамыған елдерінің өзі экономикалық қиындықтарға тап болып жатқан шақта, Польша экономикасын дамытып отырғаны көпті таңдандырып отыр. Қаржы мамандары 2009 жылы әлемдік қаржы дағдарысының салдарынан Еуропа Одағына мүше елдердің көбінің экономикасы күрт төмендеген кезде, тек қана Польшаның экономикасы 1.6 пайыздық өсіммен өскенін айтады. Тіптен көпшілік экономист мамандар Польшада дағдарыстың еш сезілмегендігін жарыса хабарласты. Польша экономикасының әлемдік қаржы дағдарысына төтеп бере отырып, ұдайы даму жолында болу сырын экономист мамандар Польшаның ішкі және сыртқы экономикалық қолайлы жағдайына тікелей байланысты деген ой түйеді. 38.5 миллион халқы бар Польша социализм заманында да кеме өндіруден бастап машина, мата-тоқыма өндірістері жақсы дамыған ел болатын. Ішкі өндірістің жақсы дамығандығы және кәсіпкерлікті барынша қолдайтын саяси биліктің болуы Польша экономикасының қарқынды дамуына негізгі серпін болды деп көреді экономист мамандар. Сондай-ақ Польша үкіметінің Еуропа Одақпен арадағы екі жақты келісім шарттарды уақытында, толықтай орындап отыруы, Польша экономикасына өзінің тиімді әсерін тигізіп отыр дейді мамандар. 1989 жылы Польшада комму­нистік билік құлағаннан кейін, ел экономикасын либерализациялау жедел жүріліп, бұрынғы орталықтан экономикалық жоспарлаудың орнына рыноктық экономика әдісі енгізілгені ел экономикасына өзінің пайдасын берді. Мысалы, ел экономи­ка­сының негізгі көрсеткіші- ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 2012 жылы 470.4 миллиард АҚШ долларын құраса, 2013 жылы 513.9 миллиард АҚШ долларына көтерілді. Бұл алдағы жылдары тағы да жоғарылайды деген болжам бар. Еуропа Одағындағы елдердің көбі ортақ валюта - евроға (Euro) көш­кенімен Польша евроға көшуге асықпай, өзінің ұлттық валютасы-злотыйды (PLN) сақтауды ойластырып отыр. Злотыйдың Еуроға және АҚШ долларына айырбасталу курсы соңғы 10 жыл бойы өзгерген жоқ яғни 1 Еуро=4.1 злотыйға ал 1 АҚШ доллары=3.1 злотыйға тең. Бұдан Польшаның ұлттық валютасының көп жылдар бойғы тұрақтылығын байқауға болады. Еуропа Одағының Польшаға бөліп отырған қаржысы басқа мүше елдерге қарағанды қомақтылау. 2007-2011 жылдары Еуропа Одағы Польшаға 29.5 млрд евро көлемінде қаржы берген болса, 2014-2020 жылдарға 77.6 млрд евро көлемінде қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Тек Польшаның ауылдық жерлерін өркендетуге Еуропа Одағы 8.6 млрд евроның қаржысын бөлмекші. Еуроодақ инвестициясы Польша экономикасын дамытумен бірге халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына үлкен әсер етіп отыр. Мысалы, орталығы Познань қаласы орналасқан Велкапольска аймағына алдағы жылдары 2.4 евроның инвертициясы келмекші. Познань қаласында Еуроодақ қаржысына жаңа әуежай, жаңа пойыз бекеті салынып, қала көшелері, жолдары Еуропа стандартымен қайта жөндеуден өтті. Қаладағы қоғамдық көліктер соңғы үлгідегі трамвай, аутобустармен түгелдей алмастырылды. Польша Еуропа елдері арасынан Қазақстанның ең маңызды сауда серіктесі болып табылады. Польша мемлекеті Қазақстанның Дүние­жүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуін барынша қолдап отырған елдердің бірі. Бүгінгі күні Польша мен Қазақстанның сауда айналымы 2.1 миллиард АҚШ долларына тең. Қазақстанмен сауда айналымы бойынша Польша Еуропа Одағының 28 мемлекеті арасында 7-ші орын, ал әлем елдері бойынша 15-ші орын иеленеді. Бүгінге дейін 150 ден астам поляк фирмалары Қазақстан нарығына жұмыс жасап, Қазақстан экономикасына 140 млн АҚШ долларының инвестициясын енгізді. Әлемдік қаржы-экономикалық дағ­да­рысқа қарамастан Польша мен Қазақстан арасындағы эконо­ми­калық ынтымақтастықтың да барған сайын артып бара жатқан­дығын байқауға болады. Әсіресе Польша компанияларының Қазақ­стан нарығын игеруге деген құлшы­ныстары бар екендігі бұл екі ел арасындағы экономикалық қарым қатынастың одан әрі нығаюына өз әсерін тигізері сөзсіз. Биылғы жылы қыркүйек айында Қазақ-поляк аймақтық экономикалық форумын Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар