Еуроодақтың CBAM талабы: Қазақстан кәсіпорындары қандай өзгерістерге дайын болуы керек
АСТАНА. KAZINFORM- Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында қазақстандық экспорттаушыларды Еуропалық одақтың көміртегі шығарындыларына қатысты жаңа талаптарына дайындау мәселесі талқыланды.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде отандық кәсіпорындардың жаңа ережелерге дайындығы, көміртегі шығарындыларын есепке алу және тексеру тәртібі, сондай-ақ көміртегі квоталарының саудасы қарастырылды.
Іс-шараны «QazTrade» АҚ Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі және Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды. Сессия QAZAQSTAN павильонында өтті. COP31 конференциясы 9–20 қараша аралығында Antalya Expo Center көрме орталығында өтіп жатыр.
Талқылаудың негізгі тақырыбы Еуропалық одақтың көміртегі шығарындыларын шекаралық реттеу тетігі (CBAM) болды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген бұл тетік ЕО елдеріне темір мен болат, алюминий, цемент, тыңайтқыштар, сутегі және электр энергиясын импорттау кезінде көміртегі шығарындылары үшін төлем төлеуді көздейді.
Төлем мөлшері Еуропалық одақтың шығарындылар саудасы жүйесіндегі көміртегі бағасына байланысты белгіленеді. 2023–2025 жылдары бұл баға көмірқышқыл газының бір тоннасына шамамен 73–85 еуроны құрады. Ал 2026 жылға арналған алғашқы жылдық декларация 2027 жылғы 30 қыркүйектен кешіктірілмей тапсырылуы тиіс.
Бұл талаптар Қазақстан үшін маңызды, өйткені еліміз Еуропалық одақ нарығына өнеркәсіп өнімдерін экспорттайды. Жаңа ережелер кәсіпорындардан өндіріс барысында бөлінетін көміртегі шығарындыларын есепке алуды, олардың көлемін растауды және өндірісті жаңғыртуды талап етеді.
2025 жылы Қазақстан Еуропалық одаққа 274 млн еуроға 110 184 тонна алюминий экспорттады. ЕО-ның Қазақстан алюминийінің жалпы экспортындағы үлесі шамамен 6%-дан 54%-ға дейін өсті. Ал темір мен болат экспорты 396 318 тоннаны немесе 337 млн еуроны құрады. Бұл осы өнімдердің жалпы экспортының шамамен 6%-ына тең.
Сессияға Қазақстан мен Еуропалық одақтың мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдар, сарапшылар және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Қатысушылар жаңа талаптардың отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі мен инвестицияларға ықпалын да қарастырды.
Кездесу қорытындысында қазақстандық экспорттаушылар кездесетін негізгі қиындықтар анықталып, оларды қолдау, өндірісті жаңғырту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша ұсыныстар әзірленді.
Осыған дейін Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығын көздейтіні туралы жаздық.