Еуроодақтың Сыртқы істер министрлері Газа секторындағы жағдайды талқылады
АСТАНА. KAZINFORM – Дүйсенбі күні Брюссельде Сыртқы істер кеңесінің отырысы өтті. Басқа да өзекті мәселелердің қатарында ЕО-ға мүше 27 елдің сыртқы істер министрлері Таяу Шығыстағы, атап айтқанда, Газа секторындағы жағдайды талқылады.
Еуропалық дипломаттар Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының жуырдағы есебінде халықтың басым көпшілігі ашаршылық қаупі төніп тұрғаны анықталған Газадағы гуманитарлық жағдайдың тұрақты түрде нашарлап бара жатқанын атап өтті.
ЕО Кеңесі гуманитарлық теңіз жолын құру бойынша Кипр бастамасына да тоқталды.
ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жан Боррель Кипр теңіз бағдары дамыту қажет ететінін, сонымен бірге Израильдің құрлықтағы жолдарды көбірек қамтамасыз етіп, қосымша бақылау бекеттерін ашуы қажеттігін баса айтты.
«Одан кейін біз ХАМАС-қа қарсы санкциялар мен экстремистік қоныстанушыларға қарсы санкцияларды талқыладық. Соңғы Сыртқы байланыстар кеңесінде бұл мүмкін емес еді, осы жолы мүмкін болды. Жұмыс деңгейінде ымыраға келу келісіліп, бұл жақын арада толық қабылданғанға дейін жалғасады деп үміттенемін», - деді еуропалық дипломатияның басшысы қорытынды конференцияда.
Бұдан басқа, ЕО елдерінің сыртқы істер министрлері ЕО мен Израиль арасындағы Қауымдастық туралы келісім бойынша пікір алмасты. Олар Газадағы жағдайды талқылау үшін Израильмен одан әрі өзара әрекеттесуге үміт білдірді.
Кездесудің кейбір қатысушылары Израиль Сыртқы істер министрі мен Палестинаның жаңа премьер-министрін Сыртқы істер кеңесінің алдағы отырысына қайта шақыруды ұсынды.