Еуроодақтың жекелеген елдері Украинаға АҚШ қаруын сатып алудан бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM — Франция мен Италия НАТО аясында Украинаға арналған америкалық қару-жарақ жеткізілімдерін қаржыландыру бастамасына қатыспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы DW пен La Stampa басылымдары хабарлады.

 Евросоюз
Фото: pixabay

DW басылымының мәліметінше, Париж 14 шілдеде Вашингтонда НАТО бас хатшысы Марк Рютте мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасында талқыланған жоспардан бас тартқан.

Жоспар аясында НАТО АҚШ-тан заманауи қару-жарақ, оның ішінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін сатып алуды көздеген болатын.

Францияның бұл бастамаға қатыспауына президент Эммануэль Макронның еуропалық елдерге өз қорғаныс өнеркәсібін дамытуға шақыруы себеп болған. Ол қару-жарақты еуропалық өндірушілерден сатып алу қажеттігін бірнеше мәрте мәлімдеген.

Politico басылымы Францияның бұл шешіміне бюджет шектеулері мен қорғаныс шығындарының өсуі де ықпал еткенін жазды.

Италия да осыған ұқсас ұстаным танытып отыр. La Stampa мәліметінше, Рим америкалық қару-жарақты тікелей сатып алудан бас тартқан. Италия билігі бұл шешімді елдегі қаржылық шектеулермен және елдің технологиялық басымдықтарының басқа бағытта екенімен түсіндіріп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Украинаға Италия мен Франция бірлесіп жасаған SAMP/T әуе шабуылына қарсы жүйесін жеткізген болатын.

Италия Қорғаныс министрлігіндегі дереккөздер бұл шешімді Украинаға қолдау көрсетуден бас тарту емес, керісінше, үлес қосудың балама жолдарын іздеу ретінде қарастыру керектігін айтты.

La Stampa деректеріне сәйкес, Италия қазіргі уақытта АҚШ қаруын әуе, теміржол немесе теңіз арқылы логистикалық тасымалдау мәселелерін қарастырып жатыр және бұл үдерістен «алыстап кетпейтінін» жеткізген. Алайда Италияның қатысу формасы мен көлемі әлі нақты айқындалмаған.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға НАТО арқылы ауқымды көлемде қару-жарақ жеткізіліп жатқанын мәлімдеген болатын.

Соңғы жаңалықтар