Еуропа автосаммиті: болашақтың басты бағыты — электромобильдер

АСТАНА. KAZINFORM — Брюссельде өткен Еуропалық одақ билігі мен автокөлік өнеркәсібі өкілдерінің жоғары деңгейдегі салалық саммитінде ЕО-ның 2035 жылға арналған экологиялық мақсаттары расталып, стратегиялық басымдық электромобильдерге берілді, деп хабарлайды Euronews.

Еуропалық Одақта электромобильдерге деген қызығушылық төмендеді
Фото: Pixabay.com

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен жетекші автоконцерндер басшыларымен кездесуде климаттық бейтараптыққа көшу жоспарын нақтылады.

«Қалай болғанда да, болашақ электромобильдерге тиесілі», — деді келіссөздер барысымен таныс дереккөз.

Автоконцерндер басында көмірқышқыл газы шығарындылары бойынша мақсаттарды жұмсартуды сұрағанымен, сарапшылар жаһандық бәсекелестік бәрібір бұл талаптарды қойып отырғанын атап өтті.

«Алдағы жылдары көліктегі CO2 шығарындыларын қысқартуда электромобильден артық технология жоқ. Іштен жанатын қозғалтқышты сақтап қалу жөніндегі пікірталастар сатып алушыларды да шатастырып отыр», — деді Audi компаниясының бас директоры Гернот Дёльнер Wirtschaftswoche басылымына берген сұхбатында.

Fastned компаниясының бас директоры әрі ChargeUp Europe президенті Михиль Лангезааль да осындай пікір білдірді.

«Еуропа электромобильдік трансформацияға жетекшілік етуі үшін батыл қадамдарға баруы керек. Бұл өзгеріс халыққа да, бизнеске де, қоршаған ортаға да тиімді болуы тиіс», — деді ол.

Саммит «Стратегиялық диалог» аясында өтті. Үш сағаттық талқылауда қазіргі дағдарыстан шығу жолдары қаралды. Сала сатылымның төмендеуі, энергия бағасының қымбаттауы, Қытай тарапынан бәсекенің күшеюі және АҚШ енгізген жаңа тарифтердің кесірінен қысымға түсіп отыр.

ЕО өнеркәсіп жөніндегі комиссары Стефан Сежурне бұған дейін: «Автоөнеркәсіп өлім аузында тұр. Болашақ әлемдік автоөнеркәсіп картасы Еуропасыз сызылуы мүмкін», деген еді.

ACEA еуропалық автокөлік өндірушілер қауымдастығының бас директоры Сигрид де Врис электромобильдердің нарықтағы үлесі әлі 15,6 пайыз, жүк көліктерінде 9 пайыз екенін алға тартты. Оның пайымынша, инфрақұрылым мен электр желілері жеткілікті деңгейде дамымай отыр. Қазіргідей жағдайда нормативтік мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес. Электромобильдерді тұтынушыларға тартымды ету үшін жүйелі ынталандыру, салықтық әділдік, қуаттау құнының төмендеуі және оған қолжетімділікті жеңілдету қажет.

Автоөнеркәсіп ЕО экономикасының тірегі саналады. Салада 13 миллионнан астам адам жұмыс істейді, бұл Еуроодақ ЖІӨ-нің шамамен 7 пайызын құрайды.

Айта кетейік, әлемде электромобильдердің сатылымы артып келеді.

Соңғы жаңалықтар