Еуропа чемпионатында 25 маусымда қай құрамалар ойнайды

Еуропа чемпионатында 25 маусымда қай құрамалар ойнайды
Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында бүгін, 25 маусымда С және D топтарында үшінші тур ойындары өткізіледі.

Бұл күні сағат 21.00-де D тобында Нидерланд пен Австрия шеберлік байқасады. Кездесу Берлин қаласындағы «Олимпиаштадион» стадионында өтеді. Қазірге дейін құрамалар жиырма мәрте кездессе, онында Нидерланд, алтауында Австрия жеңіп, қалғанында тең нәтиже тіркелді. Дәл сол уақытта аталған топта Франция мен Польша кездесуі басталады.

Ойын Дортмунд қаласындағы «Сигнал Идуна Парк» стадионында өткізіледі. Қос қарсылас өзара он сегіз мәрте кездессе, тоғызында Франция, төртеуінде Польша басым түсіп, қалғанында жеңімпаз анықталған жоқ. Аталған топта бірінші турда Франция Австрияны 1:0, Нидерланд Польшаны 2:1 есебімен тізе бүктірді. Екінші турда Франция мен Нидерланд 1:1 есебімен тең ойнаса, Австрия Польшаны 3:1 есебімен жеңді. Сондай-ақ 00.00-де C тобында Англия мен Словения ойнайды. Кездесу Кёльн қаласындағы «Райн-Энерги» стадионында болады.

Екі құрама бұған дейін алты мәрте кездесті. Бесеуінде Англия құрамасы жеңіске жетсе біреуінде ойын тең нәтижемен аяқталды. Аталған топтағы тағы бір ойында Дания мен Сербия кездеседі. Ойын Мюнхен қаласындағы «Альянц-Арена» стадионында болады. Қазірге дейін құрамалар үш мәрте ойнап, барлығында Дания басым түсті.

Алғашқы турда Словения мен Дания 1:1 есебімен тең түссе, Англия Сербияны 1:0 есебімен тізе бүктірді. Ал екінші турда Дания мен Англия, Словения мен Сербия 1:1 есебіне қанағат білдірді. Ойындар «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске салсақ, 24 маусымда В тобында Испания Албанияны 1:0 есебімен жеңсе, Италия мен Хорватия 1:1 есебіне қанағат білдірді.

 

Соңғы жаңалықтар