Еуропа чемпионаты: Қазақстан жастар құрамасы Венгрияға есе жіберді

Венгрия және Қазақстан құрамалары құрлықтық доданың іріктеу сатысындағы алғашқы ойынын өткізді.
Кездесу барысында қос құрама бірден шабуылға шыққан еді. Алғашқы минуттарда алаң иелерінің белсенділігі байқалып тұрды.
Нәтижесінде ойынның 10-минутында венгриялық Матьяш Ковач көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Ал 89-минутта олардың қатарынан Андреш Эрдёг есепті үстемелей түсті.
Айта кетсек, еліміздің жастар құрамасы В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Венгрия, Бельгия, Испания, Мальта және Шотландия құрамалары.
Енді қазақстандық футболшылар 11 қыркүйекте сырт алаңда Бельгиямен шеберлік байқасса, 17 қазанда өз алаңында Испанияны қабылдайды.
Қалған ойындар 2024 жылдың наурыз-қазан айлары аралығында өткізіледі.
Еске салсақ, бұдан бұрын 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы Финляндиядан ұтылған еді.